Қазақстан Әмірліктерге $440 млн тауарын жеткізуге дайын
Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанмен ауыл шаруашылығы тауарлары, азық-түлік өнімдері және IT қызметтері саласында ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті.
Дубайда өткен Қазақстанның сауда-экономикалық миссиясына елімізден 30-ға жуық отандық компания өкілдері қатысып, араб кәсіпкерлерімен келісімшартқа қол қойды.
Бибігүл Нысанбаева, тілші:
- Миссияның мақсаты – қазақстандық және әмірлік кәсіпорындары арасында тікелей байланыс орнатып, B2B кездесулері арқылы сауда қатынастарын нығайту. Бұған дейін 2 жыл бұрынғы кездесу тиімді болғанын байқауға болады. Өйткені Қазақстанның Дубайдағы сауда-экономикалық миссиясы сол кездесуден кейін жалпы сомасы 20 миллион доллар болатын 7 келісімшартқа қол қойған.
Қазақстандық компаниялар Парсы шығанағы еліне 440 миллион доллар болатын тауардың 90 түрін жеткізуге дайын. Олар – металлургия және химия өнеркәсібі, тамақ өңдеу, машина жасау, көлік құралдары, құрылыс материалдары мен фармацевтика өнімдері. Қазақстаннан жеткізілетін сапалы тауар арабтар үшін тартымды. Айталық, 2022 жылы қазақстандық кәсіпкерлер бұл елге 560 миллион доллардың өнімін экспорттады. Ал Әмірліктер...
Мұхаммад Әли Рашид Лута, Дубай сауда палатасының президенті:
- Біздің ел өткен жылы 1,7 миллиард АҚШ долларының тауарын экспорттады. Ол – электроника, көлік және машина жасау саласы өнімдері. 2016 жылдан бері Дубайдағы Қазақстан компанияларының саны екі есеге өсті және біз бизнес-қауымдастықтар арасындағы байланыстарды нығайта түсеміз.
Отандық табиғи таза ауылшаруашылық өнімдері Парсы шығанағы нарығында зор әлеуетке ие. Өткен жылы Қазақстаннан Әмірліктерге ет экспорты 8 есеге өскен. Қазақстандық миссия әрі қарай сауда мен инвестицияны әртараптандыруға ұмтылып отыр.
Қайрат Төребаев, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:
- Биыл біз Қытайға екі миссия жасадық, Иранға бір миссия жасадық, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, басқа да мемлекеттерге осындай миссиялар ұйымдастырып жатырмыз. Потенциалы өте жоғары. Премиум сегмент болғандықтан, біз бұларға тура келіп жатырмыз. Сондықтан сұранысқа да ие болдық.
Тек кездесіп қана қоймай, бизнесмендер екіжақты келісім құжаттарға қол қойды. Өсімдік майы, диеталық қоспалар, минералды су, кондитерлік өнімдер жеткізіп, IT қызмет көрсетуге уағдаласты. Келісім құжаттардың жалпы құны – 37 миллион АҚШ доллары.
Хани Омари, кәсіпкер:
- Біз бүгін Labort компаниясымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойдық және бұл біз үшін саудада жаңа мүмкіндік ашады. Қазақстандағы іскерлік шараларға шақыру алып жүрміз. Әлі де бизнес байланыстар орнатуға үміттеніп отырмыз.
Абай Әли, кәсіпкер:
- Бұларды таңғалдырғаны – біздің мына туризм саласына, сосын құрылыс саласына 3Д қолданып, жарнама жасау, VR технологиясын, соны білім саласына және туризм саласына, сонымен қатар өнеркәсіпке біз осыны ұсындық. Көптеген шартқа қол қойып жатырмыз бірінші рет.
Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері 30 жыл бойы экономикалық өсуге бағытталған берік және өзара тиімді қарым-қатынасты сақтап келеді, сақтай да береді. Елдер арасында уағдаластық бар, ол – тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізу.
Авторлары: Бибігүл Ғаділбекқызы, Ералы Тілеуіш.