Солтүстікте төлге күтім жасаушы әйел бұзауларды баласындай бағады
Еңбек еткеннің еңсесі биік.
Бұл Солтүстік Қазақстандық Гүлнәр Жолдасбаеваның ұстанымы. Өзі жас кезінен мал шаруашылығы саласында жұмыс істеп, адал табыс тауып жүр. Нәзік жанды қазір мал кешендерінің бірінде бұзауларға қарайласып, күтім жасайды. Жалпы соңғы жылдары аймақта мұндай мамандарға сұраныс артқан. Себебі өңірде тауарлы - сүт фермалары жаппай ашылып жатыр.
Солтүстік қазақстандық Гүлнәр Жолдасбаева бұзауларды баласындай жақсы көреді. Таң атысымен оларды қолдан тамақтандырады. Бұл төлдер асыл тұқымды болған соң ерекше күтімді қажет етеді.
- Бұзауды мамасынан айырып, бөтелкеге үйрету өте қиын. Соны біз осылай ақырын-ақырын үйретеміз. Оған көп күш керек.
Қала іргесінде орналасқан шаруашылық сүтті бағытта болғандықтан, төлдер енесінен бөлек бағылады. Әр бұзауға күніне шамамен 6 литрден сүт беріледі. Кейін өсе келе арнайы дәрумендері бар жем-шөппен қоректендіріледі. Қазір Гүлнәрдің бір өзі 50-ге тарта төлге қарайласады. Жас кезінен осы салада еңбек етіп жүргендіктен, басқа жұмысқа ауысқысы жоқ.
Гүлнәр Жолдасбаева, мал шаруашылығы кешенінің жұмысшысы:
- Жұмысым өзіме ұнайды. Жұмыс тәртібім таңертең таңғы алтыдан басталады. Келіп киімімді ауыстырып, міне бір бұзауға екі литрден сүт беремін. Үш мезгіл. Стартовый кормды көп бермес үшін, өзінің нормалары бар. Кішкентай балалар сияқты. Дауысымызды уже біледі. Жақсы көреді.
Гүлнәр Жолдасбаева ісіне сауатты, жұмысына жауапты жан. Жинаған тәжірбиесін жастармен де бөліседі. Өкініштісі, фермада оның ізін қуған нәзік жандылардың қатары уақыт өткен сайын сиреп барады.
Татьяна Альбинович, мал шаруашылығы кешенінің бригадирі:
- Гүлнәрдің бізге ауысып келгеніне міне 12 жыл болды. Бұзаулардың әрқайсысына асқан жауапкершілікпен қарайды. Олар дұрыс тамақтанбаса, не ауырып қалса бірден мал дәрігерін шақыртып, сары уайымға салынады. Жалпы төлдерге уақытында күтім жасасаң, өсе келе олар сүтті де жақсы береді.
Бүгінде еліміздің солтүстігінде мал шаруашылығы саласына қажетті мамандар үлкен сұранысқа ие. Себебі аймақтағы мал саны 500 мыңнан асып, соңғы жылдары 100-ден астам тауарлы - сүт фермасы ашылды. Нәтижесінде өңір сүт өндірісі бойынша елмізде көш бастады.
Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов