Ә. Смайылов: ЕАЭО аясында навигациялық пломбаларды «ауыртпалықсыз» енгізуге тиіспіз
Еуразиялық экономикалық одақ 10 жыл ішінде өңірдегі беделді интеграциялық бірлестік ретінде танылды.
Бішкек қаласында өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысқан Премьер-министр Әлихан Смайылов осылай деді. Үкімет басшысы Еуразиялық экономикалық одақ аясында навигациялық пломбаларды бизнеске ауыртпалық салмайтындай етіп енгізуге шақырды. Оның айтуынша, бүгінде экономикалық одақ 190 млн-ға жуық халқы, 93 млн-нан астам адамнан тұратын еңбек нарығы бар және жалпы ішкі өнімі $2,7 трлн құрайтын тиімді ынтымақтастық форматына айналды. Оған мүше мемлекеттердің өзара саудасы 2015 жылдан 2022 жылға дейін 2 есеге өсіп, шамамен $85 млрд-қа жетті. Сонымен қатар Әлихан Смайылов сауда-саттықтың ұлғаюына транзиттік әлеуетті тиімді пайдалану мен дамыту ықпал ететінін атап өтті. Мәселен, қазір ЕАЭО аясында тауарлар айналымын бақылаудың бірқатар жаңа тетіктері, оның ішінде навигациялық пломбалар қолданылып келеді.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Бұл ретте Еуразиялық экономикалық одақтың базалық қағидаттары мен мақсаттары, атап айтқанда, оның экономикалық бағыты интеграцияның мызғымас негізі болып қалуы керек. Осы мақсатта биылғы мамыр айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қабылданған міндеттемелердің орындалуын бағалауды тапсырды. Мүше мемлекеттердің аумағы бойынша барлық жүк тасымалы бақыланатын болады. Бұл ретте бизнес үшін навигациялық пломбаларды кезең-кезеңмен және барынша «ауыртпалықсыз» енгізуге тиіспіз. Комиссияға бұл жұмысты бизнестің пікірін ескере отырып жүргізуді ұсынамын.