Ақтөбеде батыр аналар марапатталды
Көп балалы болу кәсіпке кедергі емес.
Ақтөбе қаласының тұрғыны Гүлфайрус Сарина декрет демалысында бизнеске бет бұрған. Отағасына қолқабыс ету мақсатымен сүйікті ісі ас әзірлеуді, табыс көзіне айналдырған. Шағын кәсіпті шыр айналдырып, әрі ел демографиясына үлес қосқан анаға, күміс алқа табысталды.
Гүлфайрус Сарина бес құрсақ көтеріп, алты бала тәрбиелеп отырған батыр ана. Ол аптасына 25 келіге дейін салат әзірлеп сауда орындарына жеткізеді. 2019 жылы мемлекеттен 500 мың теңгенің грантын алып, үй жайында шағын наубайхана ұйымдастырған. Қазір бірнеше әйелді жұмыспен қамтып отыр.
Гүлфайрус Сарина, қала тұрғыны:
-Упавковкалеуге қыздар келеді. Постоянно келетін адамым бар. Үлгірмей жатамын кішкентай балаларыммен. Сол кезде көмек керек болады.
Шынашақтай нәрестелерін мәпелеп қана қоймай, кәсібін жүргізіп отырған Гүлфайрус Сарина бүгін «Күміс алқа» иегері атанды. Тағы 14 көпбалалы анаға «Алтын алқа» табысталды. Халық санының өсуіне елеулі қосып жүрген жандар перзент сүюден қашпауға үндейді.
Гүлфайрус Сарина, қала тұрғыны:
-Жақсы қолдау болады көпбалалы аналарға. Мүмкіндіктер көп. Мемлекеттік қолдаулар көп көпбалаларға. Балам 11 оқиды. Қазірде мемлекеттік гранттар қаншама бөлініп жатыр. Әрбір ананың арманы - деніміз сау болсын, отбасымыз аман болсын. Тек ел аман, жұрт тыныш болсын. Әрбір қазақ баласына, балапандарымызға деніне саулық, Алла тек саналы ұрпақтан берсін бізге.
Ақтөбеде қазір 1189 «Алтын алқа» иегері бар. Екі мыңнан астам ана күміс алқалы. Олардың ішінде «Батыр ана», «Ана даңқы» ордені иегерлері де аз емес. Жалпы облыс орталығында 13 мыңнан астам көп балалы отбасы тұрады.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков