Ұлттық қордан мемлекет бюджетіне ₸2 трлн аударылады
2024 жылы Ұлттық қордан мемлекет бюджетіне 2 трлн теңге аударылады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тиісті заң жобасы Мәжілісте қабылданды. Құжат енді Сенат қарауына жолданады. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, кепілдендірілген трансферт көлемін анықтау үшін бюджеттік кодекстің жинақтау функциясының талаптары ескерілді. Ведомство басшысы сондай-ақ келер жылы қордың валюталық активтері 68 млрд долларға дейін өсуі мүмкін деген болжамын айтты.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында жаңа экономикалық саясат жариялады. Оның түпкі мұраты – халықтың әл-ауқатын арттыру. Осы орайда республикалық бюджет бірінші кезекте Президент жүктеген міндеттерді іске асыруға бағытталып отыр. Ең бастысы, бұл құжат әлеуметтік міндеттемелерді толық орындауға, елдің тұрмысын жақсартуға мүмкіндік береді.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Бұл қағидалар Ұлттық қор қаражатының сақталуын қамтамасыз етуге және оның валюталық активтерін 2030 жылға қарай 100 млрд долларға дейін жеткізуге ықпал етеді. Заң жобасында мұнайдың келісімді бағасы 2024 жылы барреліне 43,4 доллар, 2024-2026 жылдары барреліне 40,2 - 41,8 АҚШ доллары деңгейінде белгіленген. Осыны ескере отырып, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мөлшері 2023 жылы 2,2 трлн теңгеден, 2024-2026 жылдары жыл сайын 2 трлн теңгеге дейін төмендеуімен айқындалды.