Мәжіліс 3 жылдық бюджетті мақұлдады
Мәжіліс алдағы 3 жылға арналған бюджет туралы заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сонымен 2024 жылға арналған түсімдер 20,4 трлн теңге мөлшерінде болжануда. Ал шығыстар биылғы мөлшермен салыстырғанда 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, шамамен 24 трлн теңгені құрайды. Бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімнің 2,6% деңгейінде болуы мүмкін. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев келер жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге көлемінде трансферт тарту жоспарланып отырғанын, оның ішінде нысаналы трансферт 1,6 трлн теңге болатынын баяндады. Бұл қаражат әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларға бағытталады.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі:
- Автомобиль жолдарын, жылу, газ және сумен жабдықтау, инженерлік желілерді жаңғырту. Сондай-ақ ұлттық жобалар аясында жүздеген әлеуметтік объектілерді салу қарастырылған. Жалпы республикалық бюджеттің басым бөлігі мемлекеттік және әлеуметтік міндеттемелерді толыққанды орындауға, өңірлерді дамытуға бағытталған.
Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мөлшері 2024-2026 жылдары жыл сайын 2 трлн теңгеге дейін төмендейді. Биыл ол 2,2 трлн теңге болған еді. Ұлттық қорды пайдалану саясаты ондағы қаражатты болашақ ұрпақ үшін сақтауға бағытталған, - деп атап өтті Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Үкімет кепілдендірілген трансферттің мөлшерін екінші жыл бюджеттік қағидаларды қолдана отырып анықтауда. Бұл қағидалар Ұлттық қор қаражатының сақталуын қамтамасыз етуге және оның валюталық активтерін 2030 жылға қарай 100 млрд АҚШ долларына дейін жеткізуге ықпал етеді. Заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы 2024 жылы барреліне 43,4 АҚШ доллары, 2025-2026 жылдары барреліне 40,2 – 41,8 АҚШ доллары деңгейінде белгіленген.