Министр: Биылғы егін елді ұнмен толық қамтамасыз етуге жеткілікті
Бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров егін жинау науқанының аяқталу барысы туралы баяндама жасады.
Министрдің айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары жиналатын алқап 24 млн гектар болған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 652 мың гектарға артық.
Бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірінде астық жинау науқаны аяқталуда. Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша 16,9 млн га (98,7%) жиналды. Орташа өнімділігі 9,7 ц/га бастапқы салмақта 16,4 млн тонна астық, оның ішінде 11,4 млн тонна бидай бастырылды – деді министр.
Жалпы, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жалпы астық түсімі 16 млн тонна болады.
Бұл 3 млн тонна көлеміндегі ауыспалы қалдықтарды ескере отырып, елді нанмен және ұнмен толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Сонымен қатар елімізде 4,3 млн тонна көкөніс дақылы, 3,5 млн тонна картоп және 1,6 млн тонна майлы дақыл жиналды, атап айтқанда 747,5 мың тонна күнбағыс бастырылды – деді Айдарбек Сапаров.
Егін жинау жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы ұйымдарына литріне 250 теңгеден 426 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген.
Сонымен қатар қазіргі жағдайды ескере отырып, дәнді және майлы дақылдарды кептіру үшін қосымша 62,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отынын бөлу туралы шешім қабылданды – деді ол.