Елде кен өндірісі 3 есеге артты

Бұл – соңғы 30 жылдағы өсім.

Ал өңдеу өнеркәсібінің өндірісі керісінше тәуелсіздік жылдарындағы көрсеткішке дейін төмендеді. Осы екі саланың ынтымақтастығы мардымды нәтиже берген жоқ, - дейді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Тахмина Нағұманова. Оның айтуынша, өңдеуші өнеркәсіпті дамыту үшін кәсіпорындарды отандық шикізатпен қамту керек. Биыл 9 айда елдегі өндірістік өнеркәсіп көлемі 34 триллион теңгеге жетті. Оның 46% тау-кен металлургия саласының үлесінде. Соның ішінде мұнай және табиғи газ өндірісінің үлесі басым. Азық-түлік пен сусын өндірісі 19% құрады. Одан кейін машина жасау кешені тұр. Өңдеуші сектордың тек 4% химия өнеркәсібіне тиесілі.

Саладағы өзекті мәселелер 16 қарашада Астанада өтетін «Қазақстандық қамту 2.0» халықаралық форумында талқыланбақ. Оған отандық тауар өндірушілер, инвесторлар мен тау-кен металлургиясы саласының мамандары қатысады деп жоспарланған.

Тахмина Нағұманова, «Атамекен» ҰКП Өңдеу өнеркәсібі комитетінің төрағасы:

- Өндіруші және өңдеуші секторлардың арасындағы жұмыс механизмін жақсарту керек. Кәсіпорындарға қазақстандық шикізатты тиімді бағамен жеткізу маңызды. Оффтейк келісімшарттарды жасап, өндіріс пен сатып алуларда ашық ақпараттық жүйе жасау керек. «Қазақстандық қамту 2.0»  форумында осы тақырыптар бойынша жұмыс істейміз.