Шаруалардың субсидиялық қарызы өтеледі
Биылғы жаз диқандарды әбден әуре-сарсаңға салды.
Жауын-шашыннан жиым-терім де ұзаққа созылып, өнімнің біразы сапасыз болды. Алайда қалың қараша наннан тарықпайды. Үкімет отырысында Әлихан Смайылов осылай деді. Премьер-министр қолда бар астық халықтың сұранысын өтеуге жеткілікті екеніне сенімді.
Табысын жерден терген ауыл жұртына биылғы жыл оңайға соқпады. Шаруалар алдымен қапырық ыстық һәм құрғақшылықпен күресті. Кейін егінін жинауға толассыз жауған жаңбыр қолбайлау болды. Үкімет басшысының айтуынша, қамбаға түскен бидайдың шамамен 40%-і сапасыз. Енді тапшылықты былтырдан қалған 3 млн тонна астықтың есебінен жабу жоспарланып жатыр.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Қазақстандықтар биыл наннан тарықпайды. Біздің фермерлерге мемлекет тарапынан қажетті қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, әділ сатып алу бағасы белгіленді. Айыппұл санкцияларын қолданбай, несиелер мен қарыздарды қайтару мерзімдері ұзартылды. Жеңілдетілген дизель отыны, оның ішінде астықты кептіру үшін қажетті отын көлемі бөлінді. Субсидияларды төлеу бойынша міндеттемелерді толық көлемде орындау үшін шаралар қабылданып жатыр.
Қазір барлық өңірде жиым-терім аяқталуға жақын. Жалпы биыл 24 млн гектар жерге ауыр шаруашылығы дақылдары егілген, оның 17 млн гектардан астамы астық. Бастырылған өнімнің көлемі 16 млн тоннадан асады. Ал бидайдың 11 млн тоннасы жиналды. Оның өнімділігі гектарына 8,6 центрнерден келді. Ал қолайсыз күн райынан бүлініп, жарамсыз болған өнімдер мал азығына жөнелтіледі. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі айтты. Оның дерегіне сүйенсек, қазір 24 миллион тонна шөп дайын.
Ауыл шаруашылығы дақылдары егілді – 24 млн гектар;
Егілген астық көлемі – 17,1 млн гектар;
Бастырылған өнім көлемі – 16,4 млн тонна;
Бидай көлемі – 11,4 млн тонна.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Жарамсыз астық мал азығына барады. Осылайша, жем-шөптен ешқандай мәселе туындамайды. Қазір Павлодар облысында бірқатар мәселе бар. Бірақ аймақ мал азығымен қазірдің өзінде 98%-ке қамтылды. Қажет болған жағдайда көршілес өңірлерден жібере аламыз.
Ауыл шаруашылығы министрлігі егін жинау кезінде шығынға батқан шаруаларға көмектесуге уәде етті. Нақтырақ айтсақ, ведомство диқандардың субсидиядық қарыздарының бір парасын өтеп береді. Бұл үшін 30 млрд теңге бөлінген. Бастысы, қалың қараша астықтан қамықпайды.
Премьер-министр ішкі нарықта астық тапшылығы туындамас үшін шаралар қабылдауды тапсырды.
Авторлары: Бекзат Аманов, Жандос Битабаров.