Инфляция қалай есептеледі – Ұлттық статистика бюросының жауабы
Ұлттық статистика бюросының баға статистикасы департаментінің директоры Қуанышбек Жақыпбекұлы инфляцияны есептеу әдістері туралы айтып берді, деп хабарлайды Kazinform.
«Біз инфляцияның маңыздылығын түсінеміз және жылдан жылға есептеу әдістемесін жетілдіреміз. Әдістеме халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Біз зерттеген халықаралық тәжірибеге сәйкес қағаздан электронды форматқа көшіп жатырмыз», - деді Қуанышбек Жақыпбекұлы Астанада өтіп жатқан DEMO DAY іс-шарасы барысында БАҚ өкілдерінің сауалына берген жауапта.
Оның айтуынша, бұған дейін барлық дерек қағазға толтырылып келді.
«Бүгінде онлайн және офлайн мобильді қосымша әзірленді. Штрих-кодты сканерлеу арқылы деректер автоматты түрде шығады және ағымдағы баға енгізіледі. Осылайша біз жұмыс уақытын қысқартамыз. Біздің қызметкер бір рет батырманы басу арқылы статистика үшін деректерді жібереді. Маусым айынан бастап біз қосымшаны тексере бастадық. Мысалы, қосымша интернет болмаған кезде де жұмыс істей алады және желіге қосылған кезде деректерді жібереді. 2024 жылдан бастап қағаздан бас тартуды жоспарлап отырмыз», - дейді спикер.