Көкшетауда көп балалы аналар жеке кәсібін дөңгелетіп отыр
Көкшетауда көп балалы аналар жеке кәсібін ашып, ісін дөңгелетіп отыр.
Табыстың кілтін тапқандар қатарында тігінші мен аспаз көп. Кәсіпкер әйелдер бірлесе жұмыс істеуге көшкен. Яғни ортақ сауда павильондарын ашып, өз өнімін сонда саудалайды. Сондай-ақ түрлі кездесу ұйымдастырып, өзара бизнес жобаларымен бөліседі.
Төрт баланың анасы Элвира Мұқашева 20-ға жуық ірімшік түрін жасайды. Табиғи, таза өнімге сұраныс жоғары. Қазір кәсіпкер шағын цех пен дүкенін ашқан. Ал, бұл кәсіпті бастауға оған балалары себеп болғанын айтады.
Эльвира Мұқашева, кәсіпкер:
- Төртінші баламды босанған кезде балам мазасыз болып туылды. Жиі ауыра беретін. Сосын себеін іздей бастадым. Неге балалар жиі ауыратынын. Сосын тамақтану дұрыс емес екеніме көзім жетті. Дүкеннен алған азық-түлігіміз химикатталған. Зерттей келе біз таза өнім аз екеніне көзім жетіп, үйде отырып ірімшіктің түр-түрін үйрене бастадым.
Ал ісмер Гүлзат Топина кәсібін енді бастаған. Мемлекеттік қолдаудың аясында тігін машиналарын алып, шағын шеберхана жабдықтады. Алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.
Гүлзат Топина, кәсіпкер:
- Мен үшін адал еңбек ету өте маңызды. Өйткені адам өмірге жай келмейді. Бір миссиясымен келеді. Ол адал жұмыс істесе оның бүкіл еңбегі ақталып шығады. Оған үш есе артық келеді.
Қазіргі уақытта нәзік жанды кәсіп иелері қауымдастық құрды. Оның құрамында 300-ге тарта көп балалы ана бар. Олар қала бойынша бірнеше сауда павильонын ашып, онда ортақ өнімін халыққа бірлесе сатады.
Анаргүл Мұхамедрахымова, "Асыл аналар" қауымдастығының төрайымы:
- Егер осы аналарымызды қолдап жатсақ, осы аналар біздің саналы да, сапалы да ұрпақ өсіретін болады. Сондықтан қазіргі таңда осы аналарымызды қолдаған кезде, сіз жай ғана бір ананы қолдап жатқан жоқсыз, сіз толық бір отбасыға қолдау беріп жатқаныңыз анық.
Алдағы уақытта бірлестік құрамына аудандардан да көпбалалы аналарды тарту көзделіп отыр. Айталық, осындай қолдаулар тек кәсіп ашуға ғана емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын құруға зор ықпал етеді.
Абзал Балтабаев, Евгений Шинкоренко