Қостанайда Kia автомобильдерін шығаратын зауыттың құрылысы басталды
Қостанайда Kia автомобильдері өндірісінің толық циклін қамтитын зауыттың құрылысы басталды.
Құрылыс жұмыстарын ресми бастау рәсіміне Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.
Бұл ірі өнеркәсіп нысанның құрылысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Оңтүстік Корея компаниясы басшылығымен уағдаластықтарының нәтижесі. Қаңтар айында Президент Қостанайда Kia автомобильдерінің шағын тораптық өндірісін іске қосу рәсіміне қатыса отырып, өнеркәсіп кооперациясын одан әрі кеңейту және инженерлік базаны қалыптастырудың маңызын атап өткен болатын.
Жаңа өндіріс ошағы 1500 адамды жұмыспен қамтиды. Жылына 70 мың автокөлік шығара алады. Жобаға шамамен 250 млн доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Құрылыс келер жылы аяқталуға тиіс. Ал 2025 жылдың алғашқы тоқсанында пилоттық режимде іске қосылады. Ал екінші тоқсанда өндіріс толық циклде жұмыс істейтін болады.