Азық-түлік қауіпсіздігі: Азиядағы ахуал қандай?
Азық-түлік қауіпсіздігі, жаңартылатын энергетика мен жасыл технологияларды қаржыландыру тетігі.
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес мүшелері осы мәселелерді талқылау үшін Астанада бас қосты. Білікті сала мамандары өзекті мәселелерді саралап қана қоймай, бірлескен жобаларды ортаға салды. Іскерлік кеңестің алтыншы сессиясы мен 8-ші бизнес форум жайында Бақыт Топтаева рет-ретімен айтып береді.
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес аясында елімізде жаңартылатын энергия көзіне қатысты 4 жоба қолға алынған. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы осындай мәлімет келтіріп отыр.
Райымбек Батталовтың айтуынша, елімізде жел турбиналарына қажет бөлшектерді өндіріп, жергілікті өнім үлесін арттыру көзделген. Осылайша, шеттен алдырылатын бөлшек шығынын біршамаға азайтуға болады. Бұдан бөлек, азық-түлік қауіпсіздігін қамтуға бағытталған келісімдер жемісін бере бастады.
Райымбек Батталов, «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы:
- Мысалы, қазір Кувейт елімен бірнеше ауқымды жоба іске асырылғалы жатыр. Кувейт қоры мен бизнесі қазір дәнді өңдеу жобасына мән беріп отыр. Қор 1,5-2 млрд доллар көлеміндегі инвестиция қарастырып жатыр. Алғашқы қадамы жасалды. Ақмола облысында жер бөлінді. Кәсіпкерлер жалпақ жұртқа жариялауға әзір асық емес, дегенмен жүзеге асырылып жатқан осындай жобалар бар.
Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы Қазақстанда арнайы хаб ашудың бастамасын қолдайды. 37 мемлекеттің мүддесін қорғайтын ұйым өкілінің айтуынша, азық-түлік хабы мен логистиканы ұйымдастыруға кемінде 400 млн доллар көлеміндегі инвестиция қажет. Әсіресе бидай мен ет өндірісі және азықты өңдеуге көп көңіл бөлініп отыр.
Әли Зұлфықар, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының бағдарламалар директоры:
- Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымына мүше мемлекеттердің азық-түлікті тұтыну көрсеткіші 15%-ті құрайды. Дүниежүзі халқының 20% үлесі дәл осы мемлекеттерде екенін ескерсек, азықты тұтыну 5%-ке кем екенін көріп отырмыз. Бұдан бөлек, тауар саудасы 85 млрд долларды құрайды. Бұл да әлемдік көрсеткішпен салыстырғанда тағы 5%-ке аз. Демек бізде таяу жылдары азық-түлік өндірісін ұлғайту міндеті тұр.
Қазақстанның бұл ретте қосар үлесі зор. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының өкілі келтіргендей, біздің ел арқылы тауар тасымалын ұйымдастырудың өз артықшылығы бар.
Әли Зұлфықар, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының бағдарламалар директоры:
- Қазақстанда өнім өндіру құны салыстырмалы түрде жоғары. Бірақ логистика тұрғысынан қарайтын болсақ, Қазақстандағы тасымал шығыны өзгелермен салыстырғанда анағұрлым төмен екенін байқауға болады. Сондықтан Қазақстанның осы бір артықшылығын пайдаға асыруды көздеп отырмыз. Әзірге оңтүстік елдерге логистикалық тасымал құны қымбат, ал солтүстік елдерге арзанға шығып отыр.
Еуразиялық даму банкінің есебінше, 2035 жылға қарай Еуразия құрлығындағы мемлекеттер 600 млн халықты азықпен қамти алады. Оның ішіндегі 238 млн-ы өз елдерінде, қалғаны – жаһандағы өзге мемлекеттерде өмір сүретін халық. Тек бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін әр ел үкіметтік бағдарламаларын ұтымды іске асыруы шарт. Бұл ретте Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес озық идеялар мен тың тәжірибе бөлісудегі таптырмас платформа саналады.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Арман Ақшабаев.