Еліміздің қолөнершілері Berlin Bazaar жәрмеңкесіне қатысты
Германия астанасында тоқыма мен қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеге қазақстандық дизайнерлер мен қолөнершілер де қатысты.
Қазақстандық қолөнершілер "Berlin Bazaar" жәрмеңкесіне алғаш рет қатысып отыр. «Он саусағынан өнер тамған» шеберлер бұл шараға үздік бұйымдарын әкелген. Зергерлік әшекейлер, тоқыма өнімдері, киіз бен теріден жасалған туындылар көздің жауын алады.
Мартина Демпф, зергер:
- Менде осы зергердің алқасы мен сырғасы бар. Өте ерекше өрнектелген. Қазір мына әшекей ұнап тұр. Онда қазақ даласы мен салт-дәстүрін баяндап тұрғандай көрінеді. Бұл шебердің өзіндік ерекше стилі бар.
Эдит, жәрмеңкеге қатысушы:
- Мына сөмкелер өте әдемі әрі жеңіл. Экологиялық таза өнімдерден жасалған екен. Барлық павильонды аралап болған соң, сатып алмақ ойым бар. Көрме жайлы айтар болсам, ол жақсы ұйымдастырылған. Әр мемлекет өз мәдениеті мен дизайнерлік өнерін жан-жақты көрсете білген.
Берлин тұрғындары шапан, жаулық сияқты ұлттық киімдерімізге қатты қызығушылық танытты. Павильонымызда тіпті сән көрсетілімі ұйымдастырылып, киізден жасалған бұйымдардың қалай дайындалатыны көрсетілді. Ұлттық ойындарымыз бойынша шеберлік сабақтар өтті.
Айнұр Полатова, дизайнер:
- Асықпен ойналатын екі ойын бар, біреу «Бес тас», екіншісі «Құмар». Және де мұнда бестемшенің екі түрі бар. Негізгі мақсат бұл ұмытылып қалған ұлттық ойындарамызды жаңғырту болды және оның негізінде бұрын болмаған брендті жасап шығардым деп ойлаймын. Ен қызығы немістердің ойындарды бірден ойнап көргісі келетіндігі ұнады. Олармен ойнай отырып; мен де барынша қаншалықты пайдалы дүние шығарнымды үнемі есте сақтаймын. Бұл мені шынымен шабыттандырады.
Халықаралық жәрмеңкеге биыл 60-тан астам елден 500 компания қатысты. Айтулы шарадан қазақстандық шеберлер де құр қалмай, өздерінің үздік бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды. Осылайша еліміздің мәдениеті мен салт-дәстүрін танытты.
Ирина Харитонова, "Kazakh Tourism" ҰК АҚ креативті туризм департаментінің директоры:
- Бұл креативті экономиканы дамытудың маңыздылығын көрсетеді. Осы ретте мұндай шараларға қатысудың пайдасы зор. Мысалы, біздің көптеген өндірушіміз осында қатысуға шақыру алды, яғни бұл экспортқа шығуға үлкен мүмкіндік.
Алдағы желтоқсан айында қазақстандық қолөнершілер Парижге жол тартады. Отандық шеберлер бұл елде де өз туындыларын алғаш рет көпшілікке көрсетеді.
Дәурен Ақашұлы, Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский