Елімізде 12 құс фабрикасы жабылып қалған
Елімізде соңғы жылдары тауық еті мен жұмыртқа шығаратын 12 құс фабрикасы жабылған.
Кәсіпорындардың тоқырауға ұшырауына мемлекеттен бөлінетін кейбір субсидиялық төлемдердің тоқтатылуы және құс жемінің қымбаттауы себеп болды. Бұл нарыққа теріс әсер етіп, жұмыртқаның күрт қымбаттауына әкелуі мүмкін дейді мамандар.
Бұл құс шаруашылығында қызмет ететін отандық кәсіпорын. 2010 жылы құрылған фабрика осы жылдар аралығында 130 мың тонна құс етін өндірген. Бүгінде 300 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорынға қажетті инкубациялық жұмыртқа Франциядан, вакцина мен басқа да жабдықтар Еуропа елдерінен жеткізіледі. Бұрын осы шығындардың бір бөлігі субсидияның арқасында жабылатын. Енді фабрикаға мемлекеттің көмегінсіз күн көруге тура келеді.
Марат Әбіш, құс фабрикасының өндіріс жөніндегі директоры:
- Субсидия әйтеуір көмек қой. Кішкене болса да әсер етеді. Осы жердегі халықтың жұмысы, айлығы, жем мәселелерін жасау мақсатында, шетелден келетін қондырғылар, қосылқы бөлшектер мақсатында пайдаландады. + Субсидияны алып тастағаннан кейін өнімнің өзіндік бағасына әсер етеді.
Статистиканы сөйлетсек, елімізде қанаттыларды өсіп-өндірумен айналысатын 68 фабрика бар. Бұл кәсіпорындар жылына 5 млрд астам жұмыртқа шығарып, 290 мың тонна құс етін өндіреді. Яғни, ішкі нарық отандық өніммен толық қамтылған. Алайда, отандық өндірушілерге мемлекетік қолдау болмаса, нарықта импорттық өнім көбеюі мүмкін.
Руслан Шәріпов, Қазақстан құс өсірушілері одағының президенті:
- Құс шаруашылығына қажеттінің барлығы Қазақстанға сырттан келеді. Бұл қондырғылар, дәрумендер мен вакциналар. Осының барлығын басқа елдерден сатып аламыз. Шағын фабрикалар сол себепті несиелерін өтей алмай, жабылып жатыр. Біз мысалы, Ресей, Өзбекстанның өзімен баға жағынан бәсекелесе алмаймыз. Оларда құс шаруашылығына ұзақ мерзімді жеңілдетілген несиелер бар. Ал бізде бұл несиелерге қол жеткізу қиын. Мұның үстіне талаптары да күрделі. Сондықтан, ешкім ондай тәуекелге барғысы келмейді.
Жауапты министрлік субсидия тоқтағанмен, саланы қолдау жалғасады дейді. Мәселен, биылдың өзінде құс шаруашылығын қаржыландыруға мемлекет 12,9 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржы құрылыс жұмыстарын, қажетті жабдықтар алуды субсидиялауға жұмсалған.
Дамир Егізбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы:
- Биыл бюджеттік комиссияның шешімімен жұмыртқа өндірісіне бағытталған субсидияны тоқтату туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта ішкі нарықты жұмыртқамен қамту көрсеткіші 100 пайыдан асып жығылады. Қанша жылдар бойы мемлекет қолтығынан демеп келді. Шын айтқанда, жұмыртқадан 3 теңге алынып тасталғанмен, бұл сала мүлде субсидиясыз қалмайды.
Экономист Әлішер Қожаспаев болса, елдегі субсидиялау саясатын қайта қарастыру керектігін айтады. Яғни мемлекеттік қолдауды жарымжан жобаларға емес, болашағы бар кәсіпорындарға бағыттау керек дейді.
Әлішер Қожасбаев, экономист:
- Субсидиялауға триллиондаған қаржы кетіп жатыр. Субсидияның арқасында дамыған кәсіпорындар саусақпен санарлық, ал қалғандары үкіметке әлі қол жайып отыр. Мемлекеттік қолдаудың шарттары қатаң болуы тиіс. Субсидия алған кәсіпорын алғашқы 1-2 жылда тапқан табысты бизнесті дамытуға, оны бәсекеге қабілетті етуге жұмсауы керек. Өйткені, бұл салық төлеушілердің ақшасы. Өкінішке орай, бюджеттен ақша алып үйренген кәсіпорындардың мықты экспорттаушыға немесе мықты тауап өндірушіге айналды деп айту қиын.
Мамандар отандық кәсіпорындардың бәсекелестік жағдайына бейімделуі керектігін алға тартады. Өйткені мемлекет 30 жылдан аса уақыт бойы үздіксіз субсидия беріп келді. Ендігі тұста оның да қайтарымы болуы тиіс.