Жетісуда «Ауыл аманаты» бағдарламасына бөлінген 3,2 млрд теңгенің жартысы игерілді
Жетісу облысында 260-тан аса адам мемлекеттік жобаның игілігін көріп, кәсіп бастады.
«Ауыл аманаты» бағдарламасына бөлінген 3,2 миллиард теңгенің бүгінде 50 пайызы игерілді. Жеңілдетілген несие арқылы өз ісін ашқандардың алпыс шақтысы Көксу ауданында тұрады.
Алмас Құрманов бұған дейін жоңышқа өсіріп, егін егумен ғана айналысқан. Шаруа биыл «Ауыл аманатымен» берілген несиеге 11 бас жылқы сатып алды. Енді төрт-түліктің төресін бағып, шаруашылығын әртараптандыруды жоспарлап отыр.
Алмас Құрманов, шаруа:
- Ұрғашы биелерді алдым ғой. Келесі жылы қашса қымызын сауып. Жылқы малы өзіміздің киелі малымыз ғой. Сол үшін оны өсірсек, көбейтсек, бақсақ деген үміттеміз. Тиімді бағдарлама басқа банктерден 18-20 пайызбен аламыз. Ол бәленбай жылда көп болып кетеді ғой. Ал мынау екі жарым пайызбен. Өскенге жерің бар малың бар келеді.
Ал Ануар Мұратұлы мемлекеттік көмек арқылы ұсақ мал бордақылауды бастады. Ол 8 млн теңгеден астам қаражатқа 200 бас қой алған. Шопан ата төлін бақташы жалдап бақтырып жүр. Қар жауғаннан кейін қорада ұстап жемдейді. Салмағы артып семірген соң сатылымға шығармақ.
Әнуар Мұратұлы, шаруа:
- Болашақта осы ұсақ малды екі жүз қылдырсақ, келесі жылы бес жүз қылдырсақ, мың қылдырсақ деген бағытта жоспарымыз сондай. Үлкен қора бордақы алаңдарын салсақ па деген ниетеміз.
Кепілзат қойып, «Ауыл аманатымен» несие алғандардың көбі мал шаруашылығын бастады. Себебі төрт-түлікті өсіретіндер екі жылдық үзілістен кейін қаражатын қайтарады. Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көргендердің арасында наубайхана, шаштараз ашып, кооператив құрғандар да бар.
Жанар Тұрысжанқызы, ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- 261 үміткер 1,5 млрд теңге қаржысын алды. Жалпы 458 үміткерге 3,2 млрд теңгеге толық беруге материалдары дайын, қазіргі таңда құжаттарын рәсімдеу жүргізіліп жатыр.
Мемлекеттік бағдарлама өзінің тиімділігін көрсетті. Сондықтан саладағылар келесі жылға 5,4 млрд теңгеге өтініш беріп отыр. Егер қаражат мақұлданса ауыл аймақтарда өз кәсібін бастағандардың саны тағы да арта түседі.
Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов, Қуаныш Түргенбаев