Қазақстан Брюссельдегі «шикізат апталығына» қатысты

Қазақстан мен Еуроодақ шикізат көздерін игеру бойынша ынтымақтастық туралы екі жақты Меморандумға қол қойылды.

Брюссельдегі "шикізат апталығына" еліміздің делегациясын Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бастап барды. Сондай-ақ Бельгиядағы Қазақстан елшілігі мен Еурокомиссия стратегиялық  ынтымақтастық бизнес-форумын ұйымдастырды.

Жанат Эрнст, тілші:

- Еуроодақтың маңызды шикізатқа сұранысы 2030 жылға қарай 12 есе, ал 2050 жылға таман тағы екі есеге өспек. Сондықтан елімізге оны барлау мен өндіруге жаңа технология қажет. Демек6 бүгінгі екі-жақтық бизнес-форум мен саладағы ынтымақтастық өте маңызды. Қос тараптың ойы осыған саяды. 

Еуропа экономикасына қажетті шикізат көздерінің 34 түрінің 19-ы Қазақстанда өндіріледі. Яғни қос тарапқа да маңызды келісім.  Жаңа кен орындарын бірлесіп игеруге уағдаластық жасалды. 

Марош Шефчович, Еурокомиссияның атқарушы вице-президенті:

- Біз үкімет деңгейінде де, бизнес деңгейінде де ынтымақтастықты одан әрі арттыруымыз керек. «Шикізат апталығы» аясында өз павильонын ашып, компаниялардың тұсаукесерін өткізгендері  үшін Қазақстанға алғыс айтқым келеді. Бізде өте жақсы инвесторлар бар. Біз іскерлік байланыстарымызды арттырып, Қазақстанға бұдан да көбірек инвестиция сала бастайтынымызға сенімдімін. 

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- Қазақстаннан еуропалық бизнеспен жұмыс істейтін 15 компаниямыз келді. Осы диалог аясында біз былтырғы екі жақтық Меморандумда және жол картасында айтылған мәселелерді нақты жобаларда жүзеге асыруға тырысамыз. Бүгінгі өткен бұл іскерлік диалог оларды жүзеге асыру бағытында нақты қадамдар жасауға мүмкіндік береді деп сенеміз.

Қазақстандық компаниялар еуропалық әріптестерімен бірігіп жұмыс істеуге келісті. Алдағы уақытта технологиялық ынтымақтастық аясы кеңи түспек.

Андрес Бланко, компания басшысы:

- Біз жер асты және жер үстіндегі шикізатты картаға түсіру үшін озық технология қолданамыз. Бұл тау-кен немесе энергетика секторындағы жаңа ресурстарды ашудың алғашқы сатысы. Қорды анықтап, картаға түсірген соң жұмысты бастауға жол ашамыз.  

Бизнес-форумға қатысушы тараптар меморандум аясында бірігіп жұмыс істеуге келісті. Ал бизнес-компания өкілдері болса, өз жобаларын ұсынып, талқылауға әркез әзір екендерін айтты.

Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов