Алғашқы теңге Британияда басып шығарылған

Теңге банкноттарының бірінші партиясы Англияда басып шығарылғанын біреу білсе, біреу білмес.

Осыдан 30 жыл бұрын қазақ суретшілері ағылшын әріптестерімен бірге құпия жағдайда алғашқы банкнотты шығарды. Сөйтіп тарихта із қалдырды.

De La Rue — бағалы қағаздар мен банктік жабдықтар өндірумен айналысатын әлемдегі ірі компаниялардың бірі. Ол сондай-ақ адамның жеке басын сәйкестендіруге, құжаттарды қорғауға арналған техника және пошта маркаларын шығаруға машықтанған. Бас кеңсесі – Англияның Гэмпшир графтығында Бейсингсток қаласында орналасқан. 1992 жылы 27 тамызда Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекіткені белгілі. Сөйтіп 4 қазақ суретшісі осында іссапарға жіберілді. Ағылшындар отандық дизайнерлердің өнеріне тәнті болып, оларға барынша қолдау көрсеткен.

Дебора Смит, De La Rue компаниясының қазақстанмен байланыс жөніндегі өкілі:

- Көптеген мемлекеттің бай мәдениеті бар. Қазақстан солардың арасында ерекшеленіп тұрады дер едім. Тарих тұрғысынан алып қарағанда сырға толы ел. Суретшілер осының барлығын теңгенің дизайны арқылы ғажап жеткізге білді. 

Бастапқыда төл теңгеміз дизайны жағынан ағылшындардың стерлинг фунтынан еш кем түспепті. Әлемдік стандарттарға сай ақшаны қолдан жасайтындардан қорғайтын 18 белгісі болған. Түсі жағынан сол кездегі 5 фунтқа ұқсаған, шетінде банкнотты қорғайтын жібі де болған. Ол кезде бұл заманауи технология саналатын.

Дебора Смит, De La Rue компаниясының қазақстанмен байланыс жөніндегі өкілі:

- Әрдайым құпиялық сақталды. Мысалы, егер жаңа дизайн жасалатын болса, қолды болып кетпеуі үшін коммерциялық пошта арқылы жөнелте алмайтын едік. Тек жауапты адамды бекітіп, қолма-қол жеткізетінбіз. Ұшақта бірдеңе болып қала ма деген қорқыныш жиі мазалайтын.

Ұлттық валютамыз бірнеше рет халықаралық байқаулардың жүлдегері атанды. Мәселен, 2007 жылы шығарылған 10 000 теңге купюрасы әлемдегі ең үздік банкнот деп танылған. Халықаралық валюта ассоциациясы теңгені дизайны, шығармашылық және техникалық орындалуы жағынан өте жоғары деп бағалаған.

Крис Мэтьюс, De La Rue компаниясының студиялық менеджері:

- Егер қателеспесем, ол кезде Қазақстан өзінің ұлттық валютасында оптикалық қорғанышы бар алғашқы мемлекет болды. Бұл - терезе сияқты банкнотадағы саңылау. Ол уақытта ешбір елде мұндай болмаған. Жаңасын әрі үздігін таңдау қазақтарға тән қасиет деп білемін.

Араға 2-3 жылдай уақыт салып, қаражатты үнемдеу мақсатында теңге Қазақстанда шығарыла бастады. Өндіріске қажет база құрылғаннан кейін Банкнот фабрикасы ресми түрде ашылды. 1995 жылы 83 миллионнан астам, бір жылдан кейін 104 миллионнан астам банкнота басып шығарылды. Ал екі жылдан соң дәл сол фабрика Қазақстан Республикасы азаматтарының төлқұжаттары мен жеке куәліктерін шығара бастады.

Ғалымжан Қараманұлы