Импортқа тәуелділіктен қалай арыламыз?
Елде жаңа спецкокс зауыты ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
200-ге жуық адамды жұмыспен қамтитын кәсіпорын көмірден қуатты отын түрлерін өндіреді. Зауыт «Қазақстандық қамту 2.0» халықаралық форумында іске қосылды.
Жалпы жиында қаузалған басты жайт – шетел тауарларына тәуелділіктен арылу. Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың айтуынша, қазір елдегі импорттың үлесі – 46%. Қай саланы алып қарасаң да, отандық өнімдердің үлесі төмен. Бүгінгі зауытты ашудағы мақсат та – осы отандық өнімді көбейту.
Қазақстанға жылына шамамен 1 млн тонна спецкокс қажет. Бұл шикізат ферроқорытпа және таза кремний өндіруге қолданылады. Алайда қазір отынның басым бөлігін шетелден алып отырмыз. Жаңа зауыт осы импортқа тәуелділікті едәуір азайтады. Қуаты – жылына 400 мың тонна. Кәсіпорын құны – 60 млрд теңге.
Ал өзге салалардағы отандық өнімнің үлесі қандай? Тау-кен секторында сатып алынатын отандық тауарлардың үлесі – небәрі 15%, ал машина жасауда 13,5, фармацевтикада 20% ғана екен.
Сатып алынатын отандық тауарлардың үлесі:
Тау-кен секторы – 15%
Машина жасау – 13,5%
Фармацевтика – 20%
Бекзат Аманов, тілші:
- Жыл сайын тау-кен метталлургия саласындағы отандық кәсіпорындар қызмет пен тауарды сатып алуға 5 млрд теңге қаржы жұмсайды. Ал осы қыруар қаражаттың басым бөлігі шетелге кетіп жатыр. Себебі кәсіпкерлер көбінесе импортқа жүгінеді. Форумға қатысушылар осы тйүіткілдің шешімін табуға да тырысты.
Иә, өзімізде болса өзгеден алып қайтеміз. Кәсіпкерлер осылай дейді. Себебі шетел тауарларына тәуелділіктің ақыры бағаның тұрақсыздығына әкеліп соғады. Тіпті осының кесірінен олар ұзақмерзімді келісімшарт та жасай алмайды.
Серік Кұсбергенов, химиялық кәсіпорынның өкілі:
- Шетелден тауар сатып алудың қиындығы көп. Ең алдымен, логистиканы айтар едім. Бұл бағаны қымбаттатады. Оның үстіне тауар алып отырған мемлекетте экономикалық өзгерістер болса, ол біздің өнімнің құнына да әсер етеді. Кәсіпкерлік жағынан тәуекел өте үлкен. Сол үшін бізге ұзақмерзімді келісімшарт жасасу да тиімсіз болады.
Сарапшылар да импорттың орнын отандық тауарлар басатын кез келді дейді. Тахмина Нағыманованың айтуынша, біз өзіміз жасай алатын өнімдерді шетелден сатып алып отырмыз. Өнеркәсіптің дамымайтыны осыдан. Соның бір мысалы – машина жасау саласы.
Тахмина Нағыманова, «Атамекен» ҰКП Өңдеу өнеркәсібі комитетінің төрағасы:
- Әлемдегі геосаяси ахуал ушығып тұр. Демек елдің экономикалық қауіпсіздігіне баса мән беру керек. Нақтырақ айтқанда, жер қойнауын пайдаланушылар сатып алатын өнімді өзіміз шығарудан бастаған жөн. Себебі олар шетелден қомақты қаржыға тауар мен қызмет түрлерін сатып алады. Ендігі міндет – осы импорт көлемін азайтып, өңдеу өнеркәсібіне мән беру.
Көз тастасаң қиыры көрінбейтін кең даланың байлығын ERG, «Қазмырыш», Қазақмыс һәм KAZ Minerals сынды компаниялар игеріп отыр. Жиында осы алпауыт кәсіпорындар мен қазақстандық өндірушілер арасында жалпы құны 58 млрд теңге болатын оффтейк-келісімшарт, яғни ұзақмерзімді уағдаластық жасалды.
Дмитрий Костюченко, «Искра-Сервис Плюс» ЖШС бас директоры:
- Біздің компания шахта мен кеніште қолданылатын жарылғыш зат шығарады. Бүгін «Қазақмыспен» 3 жылдық келісімшартқа қол қойдық. Меморандум екі жаққа да тиімді болды. Ай сайын келесімшартта көрсетілген бағаны қайта қарауға мүмкіндік қарастырылған. Осылайша, біз тауарды тұрақты өндіре аламыз, ал тапсырыс беруші өнімді әділ бағамен алады. Бұған сыртқы саяси-экономикалық факторлар әсер ете алмайды. Бізде 2 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Компания тек Қазақстанға тиесілі.
Мұндай келісімдер жүйелі болу керек. Отандық өнімдерді дамытуға ірі кәсіпорындар атсалуға міндетті. Премьер-министрдің ұсынысы – осы. Бизнес қолда бар барлық мүмкіндікті пайдалануы қажет, ал Үкімет барлық ұсынысты ескеруге дайын. Осылай деген Әлихан Смайылов, саладағы тағы бір өзекті мәселені айтты. Ол – маман тапшылығы. Отандық кәсіпорындарда жүрген шетелдік қызметкерлерді өзіміздің қаракөздерге алмастыратын кез жетті.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Сондай-ақ кадрлармен қамтамасыз ету мәселесіне де назар аударғым келеді. Біз шетелдік мамандарды алмастыратын өз кадрларымызды оқытуымыз қажет. Бұл тұрғыда ірі кәсіпорындарымыз оқу орындарына қамқорлық жасап, содан кейін түлектерді өздеріне жұмысқа алу керек.
Форумға шет елдер мен өзіміздің аймақтардан 2 мыңнан астам делегат қатысты. Олардың қатарында қалталы инвесторлар да жетерлік. Жиында кәсіпкерлер өзара тәжірибе алмасып, келісім жасады.
Авторлары:Бекзат Аманов, Мейрам Жүнісов.