Қазақстанда кен орындары сарқылып барады

Кен орындары сарқылып барады. Мұның соңы неге апарып соғады? Қандай қам жасау керек?

Алдағы 22 жылда қазақстандық кен орындарынан шамамен 60 млн тонна мұнай өндіріледі. Бұл өндірістегі жұмыс орындарын сақтап, кеніштердің қызметін 10-25 жылға ұзартуға тиіс. Оған «Жер қойнауы және жер қойнауын  пайдалану туралы» Кодекске енгізілген елеулі өзгерістер сеп болмақ. Заң жобасы кеше екінші оқылымда мақұлданды.

Мұнай және газ кенішін барлау 3 кезеңнен тұрады. 6 жылға созылатын бастапқы барлау, одан кейін 3 жыл берілетін ғылыми бағалау және сынамалы өндіріс кезеңі. Сейсмобарлау мен ұңғыманы қазуға берілетін алғашқы кезеңде кен орны тиісті техникалық және экологиялық сараптамадан өтуге тиіс. Осындай қағазбастылықтың өзіне 2 жылға жуық уақыт кетеді екен. Мәжілісте қабылданған заңға сәйкес енді бұл іс созбаққа салынбайды.

Еділ Жаңбыршин, ҚР парламенті мәжілісінің депутаты:

- Мысалы, экологиялық сараптамадан өтпес бұрын экологиялық скрининг жасайды немесе қорытынды алады. Сосын салалық сараптама жүреді. Содан кейін ғана базалық жұмысын бастап кетеді. Яғни, кабинеттердегі көптеген процедураларды бюрократиялық қысқартып, далаға физикалық түрде барып жұмыс жасауға мүмкіндік берді. Міне, осындай базалық жобаларды қараудағы осындай оңтайландырған тәсілдердің есебінен 8 айға дейін уақыт қысқарады.

Сондай-ақ жаңа заң қазылған ұңғымаларды асықпай бағалауға мұрсат береді. Яғни, 3 жылдық ғылыми-зерттеудің мерзімін ұзарту қарастырылған. Бір ғана шарт, қанша уақытқа ұзартылса, сонша уақыт өндіру кезеңінен шегеріледі. Бұл да – барлау жұмыстарын ынталандырудың бір тетігі, - дейді Энергетика вице-министрі.

Асхат Хасенов, ҚР Энергетика вице-министрі:

- Ең бастысы, барлау жұмыстарында біз айтып жатқан қазір жылына 200 млрд теңгеден біздің есептеуіміз бойынша геологиялық барлау жұмыстарына инвестиция тартылатын болады жыл сайын.

Елде 100-ден астам жанар-жағармай өндіретін кен орны бар. Оның 70%-і сарқылып келеді. Мәселен, Қызылордадағы мұнай өндіретін кеніш – солардың бірі. Ондағы мұнайдың сулану көрсеткіші 98-99%-ке жеткен. Әлеуметтік-экономикалық маңызға ие мұндай кеніштерде бұдан былай баламалы салық режимі қолданылады. Үнемделген қаржы есебінен өндіріске жаңа технологияларды енгізуге болады.

Дінмұхаммед Құдайбергенов, мұнай өндіруші компанияның бас инженері:

- Сулану деңгейі ол әр жердің қойнауынан шығарылған 10 тонна сұйықтықтың бір тоннасы және одан төмені – мұнай. Қазіргі жағдайда. Жаңа технологияны енгізген кезде сол сулану деңгейін ұстап қалу я оны азайтуды жасауға мүмкіншілік туады. Жаңа технологиялар әкелінеді. Ол технологиялар елімізде де бар немесе оны сырттан да әкеле аламыз.

Кодекстегі тағы бір жаңалық – кен орындарын айыппұлдан босату. Ұңғыманы қазуға 1 млн АҚШ долларынан 30 млн-ға дейін қаржы жұмсалады. Егер нәтижесіз болса, сол қаржының 10%-і мемлекетке айыппұл ретінде өндірілетін. Қазылған 3 ұңғыманың тек біреуі нәтиже беретінін ескерсек, бұл да кен орындарына әжептеуір жеңілдік. Демек жаңа заң барлау ісін жетілдіріп, технологияны жаңартып, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға жол ашады.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ақылбек Есімсейіт, Наурызбай Құрманғазы.