Қазақстан қор биржасының құрылғанына 30 жыл

Бүгін Алматыда өткен VI биржалық форумда 30 жылдық жұмыстың қорытындысы жасалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

KASE басшысы соңғы 5 жылда отандық жеке инвесторлардың белсенді екенін атап өтті. Қазір елде 2 миллионнан астам есепшот тіркелсе, соның 700 мыңға жуығы жеке тұлғаларға тиесілі. Мысалы, 2016 жылы биржада 100 мыңнан астам жеке инвестор сауда жасаған. Мамандардың айтуынша, тұрғындар бірте-бірте құнды қағаздармен жұмыс істеуді үйреніп келеді. Биржада ірі-ірі 250 эмитент бар. Олардың дені – ұлттық компаниялар. Биыл KASE капиталы 43 миллиард теңгеге жетті.    

Алина Алдамберген, «Қазақстан қор биржасы» АҚ басқарма төрағасы:

- Нарықтағы жеке тұлғалардың саны өсіп келеді. Соңғы 3 жылда олар ашқан есепшоттар да артты. 70 мыңға жуық адам биржада белсенді сауда жасайды. Олардың әр нарықтағы үлесі әртүрлі. Мысалы, акциялар нарығындағы жеке тұлғалардың үлесі 45%-ке жуық, микроқаржы ұйымдарының жоғары табысты облигациялары нарығындағы үлесі 30-35% аралығында. Ал облигация нарығында 10%-ке жетпейді.