СҚО агроөнеркәсіп саласын дамытуға 80 млрд теңге бөлді
Диқандар мемлекеттің осы қолдауы арқасында көктем мен күзде дала жұмыстарын атқарып, мал шаруашылығын дамытып отыр.
Қайта өңдеу саласы да серпін алған.
Корней Шевченко егін шаруашылығын «бір кісідей» білетін агроном. Оның айтуынша, диқандар үшін биыл ең ауыр орақ науқаны болды. Өңірде жиын-терімнің нағыз қызған шағында апталап жаңбыр жауып, дала жұмыстары тоқтап қалды. Бірақ ырыс дәні ысырап болған жоқ. Облыс бойынша 3 млн 700 мың тонна астық жиналды.
Корней Шевченко, серіктестіктің бас агрономы:
- Биылғы жыл ауыр болды. Жаңбыр көп жауды. Бірақ егінді жинап алдық. Бұл бәріміздің еңбегіміз Енді келесі жылға дайындаламыз.
Ауыл шаруашылығы көктемде егін егіп, күзде жинап алу ғана емес. Соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облысында заманауи тауарлы сүт фермалары салынып, асылтұқымды мал басы көбейді. Бұл ауыл тұрғындарын жұмыспен жыл бойына қамтуға мүмкіндік береді.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Өңірде егіншілікпен бірге мал шаруашылығы да қатар дамып келеді. Мәселен, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысына 4 мыңға жуық ірі қара әкелінді. Оның басым көпшілігі Еуропадан.
Солтүстік Қазақстан облысы сүт, ет, жұмыртқа, ұн, нан өнімдерімен өз-өзін толық қамтамасыз етеді. Өңірде жыл басынан бері 775 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі шығарылды.
Мейрам Меңдібаев, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
- Соңғы бес жылдың ішінде 30 жаңа заманауи сүт фермасы салынды. Енді осы жылы 13 ферма салынып жатыр. Сол арқылы біздің қазір шаруашылықтар малдың саны да көбейіп жатыр. Сүт шығарып жатқан мынау сүт мына біздің ірі орталықтағы зауытқа апарып жатыр.
Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 100-ге жуық кәсіпорын бар.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков