8 айда Қазақстан бюджетіне ₸8,6 трлн түсті
2023 жылдың 8 айында бюджетке 8,6 трлн теңге түскен, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 24,5% артық. Биыл жергілікті бюджеттегі барлық кірістің 46%-і салықтан, 50%-і трансферттік түсімдер есебінен болды. Мемлекеттік бюджеттің негізгі доноры – Алматы қаласы.
8 айда мегаполистің жергілікті бюджеті 1 трлн теңгеден асты. Алматының ел экономикасындағы рөлі зор. Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің құрылымында да ең үлкен үлес осы қаланың еншісінде. Ал өңірлік бюджетке 832 млрд теңге кіріс әкелген Түркістан облысы екінші орында тұр. Үшінші орында Астана. Елорда қазынасына қаңтар мен тамыз аралығында 805 млрд теңге түскен.