19 қараша – Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні

Бүгін – ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні. Ел диқандары мен шаруалары атаулы мерекеге биыл да зор табыспен жетіп отыр.

Алматы облысында тұратын шаруа Бекет Дүйсембаев лақтары 200 мың теңгеге бағаланатын ешкінің ерекше түрін бағады. «Альпілік» және «англоубиялық» ешкілер елімізде сирек кездеседі. Институттағы жайлы жұмысын тастап, кәсіп бастаған шаруа 2 жылда мал басын 200-ден асырған. «Альпілік» тұқым күніне 5-6 литр сүт береді. Ешкі өсірудің арқасында Бекет Еуропаның бірнеше елін аралады. Тәжірибе жинап, білімін жетілдірді. Мақсаты – кәсібін кеңейтіп, асыл тұқымды мал басын арттыру.

Бекет Дүйсембаев, жеке шаруа:

- Табыс көзімен айналысып жатқан халықтың көзі жетіп жатыр ғой. Әр малдың асыл тұқымдысы мен қымбаттары болады ғой. Басында көп халық түсінбей жататын бұны. Бұның бағасы неге қымбат, одан да бір сиыр алмаймыз ба деген сияқты. Соны субсидия беріп, ешкі шаруашылығымен айналысса. Өзім YouTube каналды 2019 жылдан бері жүргіземін осы ешкі шаруашылығы бойынша. Соның әдіс тәсілдерін кішкене түсіргендей болып, үйренгендей болып келдік. Бірақ білім деген көп. Одан да үйренгеніміз жақсы.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында Бекет Дүйсембаев сияқты шаруалар мал басын арттырып, кәсібін кеңейтуге мүмкіндік алды.

Айталық, соңғы 10 айда елдегі ірі қара 9 млн, қой мен ешкі 23 млн, жылқы 4 млн, түйе 277 мың, ал құс саны 54 млн-ға жеткен. Өсімдік, мал шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау жоғары. Биыл салаға Үкіметтен 7,2 млрд теңге бағытталып, субсидия көлемі 15,7 млрд теңгені құраған.

Ербол Тасжүреков, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Биылғы жылы 425 млрд теңге қарастырылған, 115 млрд мал шаруашылығына, 100 млрд теңгеге жуық қаржы егін шаруашылығына, 200 млрд теңге қажетті құрал-жабдықтарға бағытталған. Субсидиялар, несилендіру бағыты бойынша.

Елде Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Құжатқа сәйкес 2025 жылға дейін 1 млн ауыл тұрғынының табысы артып, еңбек өнімділігі 2,5 есеге жоғарылауы тиіс. Отандық сарапшылар агроөнеркәсіп кешенінде қазірдің өзінде даму бар дейді. Мәселен, елде азық-түлік өндірісі 3,1 трлн теңгеге жетіп, экспорт көлемі артқан.

Сержан Шәріпов, ҚР АШМ Стратегиялық жоспарлау департаменті директорының орынбасары:

- Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты бойынша Қазақстан – әлемде көшбасшы елдердің бірі. Біз бидай мен ұнды шетелге сатамыз, соңғы жылдары майлы дақылдарды да сата бастадық. Былтыр ет экспорты рекордтық көрсеткішті құрады. Жалпы ауыл шаруашылығының экспорты 5,6 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл – бұрын соңды болмаған көрсеткіш. Таяу жылдары оны 10 млрд долларға жеткізуді көздеп отырмыз.

Ауыл шаруашылығы – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру – стратегиялық міндет. Оның дамуына ықпал ету – мемлекеттің ғана емес, фермерлердің алдындағы маңызды міндет.