Үкімет ауыл-аймақты дамытуға арналған 5 жылдық жоспар әзірледі
«Ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын». Президент былтыр 26 қарашада ұлықтау рәсімінде осылай деді.
Сайлауалды тұғырнамасында да ауылды өркендету ісіне баса назар аударды. Кейіннен ауыл-аймақты дамыту туралы арнайы Жарлыққа қол қойды. Үкімет саланың дамуына серпіліс беретін 5 жылдық жоспар әзірледі. Оның орындалуы Мемлекет басшысының айрықша назарында.
Ауыл шаруашылығы саласын 5 жыл ішінде дамудың жаңа белесіне шығару міндеті қойылды. Бүгінде ол үшін мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіріп, шаруаларды жеңілдетілген қаржымен және субсидиямен қамтамасыз етуге басымдық беріліп отыр. Сонымен қатар егіс алқаптарын әртараптандыруға және ауыл шаруашылығы ғылымын дамыту бағытында реформалар жүргізіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз.
Алдағы жылдары ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 2 есеге арттыру жоспарланып отыр. Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға 100 млрд теңге бөлінді. 17 мың шаруашылыққа төмен пайыздық несие беріледі. Жем-шөп шығаратын кәсіпорындарға арнайы техника алу үшін лизингке 20 млрд теңге қаражат бөлінді. Алдағы уақытта ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу, жылыжай шаруашылықтарын дамытуға басымдық беріледі.
Мұрат Ергешбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ауыл шаруашылығы саласында отандық ауыл шаруашылығы техниканы сатып алуға 40 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі күні 1052 отандық ауыл шаруашылығы техникасын алған болатын. Отандық техника шығаратын мекемелерге үлкен қолдау деп мен ойлаймын. Тағы да бір үлкен мәселе, қазір талқыланып жатыр жаңағы ауылшаруашылық банкін ашу мәселесі. Қазақстанда мүмкіндік бар, сол мүмкіндікті біз пайдалануымыз керек.
Қазақстан секілді аграрлық әлеуеті жоғары мемлекеттерде кооперативтердің тиімділігі дәлелденген. Олар ұсақ және орта шаруашылықтардың басын біріктіру арқылы саланың тұтастай қарыштап дамуында белсенді рөл атқарады.
Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біздің Президент сайлауалды бағдарламасында осы кооперативтерді дамыту және кооперативтер арқылы азық-түлік бағасын төмендету, арасындағы делдалдарды жою туралы уәде берген. Сондықтанда осы жұмыс барысында кооперативтер әлі күнге дейін көптеп ашылып жатыр. Оған әсер етіп жатқан бірқатар жоба бар. Әсіреге осы кооперативтерге арнайы бөлінген қаражат.
Ел халқының 40%-ке жуығы ауылда тұрады: 6300-ге тарта елді мекенде 7 млн 800 мың адам бар. «Ауыл аманаты» жобасы – ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін арттырудың маңызды құралы. Осы уақытқа дейін жоба аясында 7,5 мың шағын несие берілді. Қаражаттың 85%-і мал шаруашылығына, 7%-і өсімдік шаруашылығына жұмсалды. 5%-і кооперативтер үшін ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуға бағытталды.