Павлодар облысында бағалы балық түрі көбейді
Алдағы 10 жылда елімізде тауарлы балық өсіру көлемін арттырып, 270 мың тоннаға жеткізу жоспары бар.
Президент тапсырмасына сәйкес, 2021 жылы арнайы бағдарлама да қабылданды. Ал Павлодар облысының шаруалары 10 мың тоннаны межелеп отыр. Кешенді бағдарлама негізінде алғаш рет шарбақта балық өсіру шаруашылығы құрылды.
Ақсудың электр станциясының жанындағы су қоймасында бір кездері бекіре өсіретін шаруашылық болған. Араға ұзақ жыл салып сол тәжірибе қайта жанданды. Мұнда қазір бекіре, бақтақ, тұқы балығы тіршілік етеді. Бір жыл бұрын жұмысын бастаған серіктестік су қоймасына 180 мың шабақ жіберген.
Ринат Шабанов, серіктестік басшысының орынбасары:
- Біз мамыр айына дейін 1 және 2 граммен әкелген шабақтарды 45-50 грамға дейін өсірдік. Барлығы Шығыс Қазақстанға кетті. Өйткені балықтарды олар әрі қарай өсіреді.
Серіктестік бұл су қоймасын жиырма жылға жалға алды. Қазір жөндеу жұмыстары қатар жүріп жатыр. Понтондық көпір орнатып, шарбақтарды қалпына келтірді. Ең бастысы балық санын көбейтті.
Ринат Шабанов, серіктестік басшысының орынбасары:
- Қазір біз бекіренің үшінші партиясын әкелеміз. Оның орташа салмағы 180 грамм. Жұмыс жүріп жатыр. Келешекте бес мыңға жуық орыс бекіресін алып келеміз. Келесі аптада шамамен 200 мың дана форель әкелуді жоспарлап отырмыз.
Тауарлы балық өсіретін ферма бір шақырым су арнасында орналасады. Бұл жерді таңдаудың өзі де тегін емес.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Су арнасы ел ішінде жылы су деп аталады. Өйткені қыста қатпайды. Сондықтан балық өсіруге аса қолайлы екен. Қазір мына әрбір шарбаққа сегіз жүздей бекіре балығы жіберілді.
Отыз бес градус аяздың өзінде судың температурасы +9 градус болып тұрады. Бұл тауарлы балық өндірісі үшін қолайлы. Келешекте бұл жерде толыққанды балық кластері пайда болуы мүмкін. Қолайлы ортада өсіп жетілген бекіренің салмағы 35 келіге дейін барады. Бұл өңдеу өнеркәсібін ашуға жол ашады. Инвесторлар қара уылдырық әзірлейтін цех құрылысын салуға жер алған. Шыққан шығын субсидия түрінде қайтады.
Нұржан Қазтай, Зайсан –Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары:
- Үлкен бағдарлама қабылданған болатын. Сол бағдарламаның ішінде үкімет тарапынан қаражат бөлініп жатыр. Жергілікті атқарушы органдар да қаражат бөліп жатыр. Жалпы айтқан кезде міне қазіргі жұмысты жүргізу үшін көзделген қаражаттың 50 пайызы қайтадан қайтарылады.
Бұл саланы дамытудың маңызы зор. Ғылыми негізделген физиологиялық нормаға сәйкес бір жылда ересек адам 14 келі балық өнімдерін тұтынуы тиіс. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, Павлодар облысы бойынша өткен жылы жан басына шаққанда 14,5 келі балық пен теңіз өнімдерінен келген. Дегенмен, облыс өзін балықпен толық қамтымайды. Өйткені соңғы 9 айда өңірге 1 мың 685 тонна балық өнімдері сырттан әкелінген. Олар елімізге Кедендік Одаққа мүше елдерден жеткізіледі.
Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Дәулет Қошқарбаев