Креативті экономика. Елде тағы бір қор құрылуы мүмкін
Елде креативті экономиканы дамытуға бағытталған корпоративтік қор құру ұсынылды.
Сол арқылы креативті индустрияны дамыту, таланттарды іздеу, өнімдер мен зияткерлік қызмет нәтижелерін экспорттау көзделіп отыр. Қазір оның капиталын анықтау мен бюджетіне қаржының қайдан алынатыны пысықталып жатыр.
Бұл жайлы Аманат партиясы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі Республикалық кеңестің кезекті отырысында айтылды.
Жалпы бүгінде елімізде 95 мыңға жуық азамат креативті экономикада қызмет етеді. Олардың дені Астана, Алматы қалалары мен Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарының тұрғындары. Ендігі міндет осы креативті экономиканың ауқымды дамуы үшін барлық жағдай жасау. Президент те осындай талап қойып отыр.
Нартай Сәрсенғалиев, "Аmanat" партиясы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі республикалық кеңес төрағасы:
- Креативті индустриядан түсетін табыстар ЖІӨ 1 пайызына да жетпейді. Жалпы осындай үлкен потенциалы бар үлкен мемлекет үшін бұл төмен көрсеткіш деп білемін. Өйткені сарапшылардан алған мәлімет бойынша бұл көрсеткіш дамыған елдерде 12 пайызға дейін жетеді екен. Үлкен мүмкіндіктер беретін ортада Қазақстанның да алатын орны жоғары болуы керек. Неге? Өйткені бүгінге дейін шекара асып кеткен талантты азаматтарымыз өте көп. Біздің азаматтарымыз жан-жақты. Олармен жұмыс істеуіміз керек.