Қазақстан мен Якутия арасындағы тауар айналымы 40%-ға өсті
Қазақстан Ресейдің ең ірі өңірі — Саха Республикасымен ынтымақтастықты нығайтып келеді.
Егер пандемияға дейінгі кезеңде тауар айналымы жылына 4 миллион доллардан аспаса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 80 миллион долларға жетті. Биыл көрсеткіш тағы 40 пайызға өсті. Қазақстан мен Якутия алдағы уақытта ауыл шаруашылығынан бастап креативті индустрияға дейінгі барлық салалардағы қарым-қатынасты одан әрі дамытуды жоспарлап отыр.
Дана Нұржан, тілші:
- Осы жылдың 9 айында Қазақстан мен Саха республикасының арасындағы тауар айналымы шамамен 119 миллион долларға жуықтады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 40 миллион долларға көп. Яғни, 40 пайызға өсті. Бұл соңғы кезде ерекше қарқын алған бірлескен жұмыстың жемісі. Биыл Қазақстанға якуттардың бірнеше бизнес-миссиясы келді. Жоспары көп, ынтымақтастық әлеуеті жоғары.
Якутияға жұмыс сапары барысында Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев Саха Республикасының басшысы Айсен Николаевпен өзара іс-қимылдың басым бағыттарын талқылады.
Дәурен Абаев, Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі:
- Президент тапсырмасы бар, креативті индустрияны қолға алу. Осы мәселені қарастырып, осы жердегі жақсы, ірі жобаларды Қазақстанға тартуға мүмкіншілік бар. Саха Якутияға ауылшаруашылық өнімдерін алып келуге дайынбыз. Транспорт, логистиканы қарастырып. Менің ойымша осы салада ірі жобаларды іске асыруға болады.
Сауда-экономикалық ынтымақтастықтан басқа, бірлескен мәдени-гуманитарлық жобалар да талқыланды. Биыл Қазақстанда Якутия мемлекеттік циркінің гастрольдері мен Саха кинематографиясының күндері өтті. «Қазақфильм» мен «Сахафильм» кинокомпаниялары арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Айсен Николаев, Саха Республикасының басшысы (Якутия):
- Креатив индустрияда өте қызықты жобалар пайда болды. Бұл жерде Якутия компанияларына да, қазақстандық компанияларға да дамуға мүмкіндік беретін бизнес мүдделер бар. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласында жақсы ынтымақтастық орнату біз үшін өте маңызды. Бұл салада бірнеше нақты жобалар бар.
Якутияда мыңнан астам қазақ тұрады. Дәурен Абаев қандастармен кездесуде бірлескен гуманитарлық жобаларды талқылады. Келесі жылы Қазақстанда Якутия күндерін өткізу жоспарланып отыр. Ал Якутияда қазақстандық спортшылар қатысуымен VIII жазғы «Азия балалары» халықаралық спорттық ойындары өтеді.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров