Жетісулық зағип жан еңбегімен жұртқа үлгі
Жетісулық зағип жан Серік Жұмабеков еңбегімен көпке үлгі.
Мүмкіндігім шектеулі демей, кәсіппен айналысады. Спортпен шұғылданып, атқа мінеді. Одан бөлек өзі сынды жандарға қолдау көрсетіп, демеу болып отыр. Шын қаласа әр адам өзі ойындағыдай өмір сүре алады, дейді ол.
Сәйгүлігіне секіріп мінетін Серік Жұмабековтың көз жанары мүлдем көрмейді. Соған қарамастан ол күніне бір жарым сағат атқа мініп серуендейді. Астындағы асыл тұқымды құнанын мемлекеттік грант қаражатына сатып алған.
Серік Жұмабеков, Ескелді ауданының тұрғыны:
- Жылқы деген ең ақылды ғой. Қазақтың асыл қазынасы ғой. Жылқымен әрбір қазақтың өмірі байланысты. Тарихымыз да осы жылқымен байланысты. Бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат болсақ та қанға сіңіп кеткен нәрсе. Қоя алмайсың. Қойып кету мүмкін емес.
Ақиқат Рақымжан, оқушы:
- Жылқы туралы бәрін біледі. Жылқыны былай міну керек, бәрін үйретеді. Мысалы, ат шаптырғанда екі езуін тартып отырып, шаптыру керек. Жылқыны терлетеміз суытамыз. Таңасырамыз. Жем береміз. Соның бәрін үйреніп жатырмын.
Серік мектеп бітірген соң алты жыл бойы жылқы баққан. Жарақат алғаннан кейін жұмыстан қол үзген. Жаны қалаған іспен қайта айналысу үшін ол Абай ауылының шетіндегі үйді бөліп төлеу арқылы сатып алған. Қараусыз қалған баспананың ауласын тазартып, қора-жай салды.
Көзім көрмегендіктен артқы жағынан келсем теуіп жібереді ғой деп проход қалдырдым. Алдынан кірем де былай шөп салам. Перила қойып каждый малдың ортасын бөліп, теуіп жібермесін деп мынаның бәрін өзім салғам. Уровень керек кезде жолдасымды шақырып жүрдім.
Ақмарал отағасына құрылыста ғана емес үй шаруасында да үнемі көмектесіп жүреді. Бір-біріне сүйеу әрі тіреу бола білген отбасы бастапқыда құс өсірген. Кейін ірі қара алып, енді міне жылқы да бағып отыр. Тынымсыз еңбек ететін жұп сүт өнімдерін сатып, қосымша табыс табады.
Ақмарал Адыбаева, С. Жұмабековтің жары:
- Қазіргі кезде екі бие сауып отырмын. Екі биеден күніне он литр қымыз аламын. Күз болған себебінен 1200 теңгеден 12 мың теңге тауып отырмын. Қымыз саумалдан бөлек жаз бойына айран, құрт сүт, ірімшік, брынза болды. соның бәрін үйде отырып ақ сүт өндірісімен айналыстым.
Тифлотехник мамандығын меңгерген жігіт ағасы грант байқауына қатысып екінші мәрте жеңімпаз атанды. Жобасына сай оған кітапханадан орын берілген. Сол жерде мүмкіндігі шектеулі жандарға оқу құрылғысын пайдалануды, брайль әріптерін және телефон қосымшасын қолдануды үйретіп жүр.
- Мынаны қосса әрбір кітапты оқи алады.
Бақытгүл Ерғалиева, аудандық кітапхананың меңгерушісі:
- Бұрын бізде мүмкіндігі шектеулі азаматтар келмейтін. Ол кісі келгелі бізге мүмкіндігі шектеулі азаматтар келеді. 46 азамат келеді. Ол кісілер құралдарымен оқиды. Серік сенбекұлы ол кісілерді оқытып келеді.
Орталық ашылғалы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға толыққанды ақпарат беріп отырмыз. Серік Сенбекұлының жетекшілігімен жұмыс жасап толыққанды оқи алады.
Серік Сенбекұлы жеңіл атлетикадан аудандық, ал голбол ойынынан облыстық команданың мүшесі. «Тең» қоғамдық ұйымын құрған ол зағип жандардың да өзгелермен тең дәрежеде өмір сүре алатынын іс жүзінде дәлелдеп келеді.
Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов