Түркістан облысында қайтарымсыз грантпен кәсіп ашқандар көбейді

Түркістан облысында мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, өз ісін бастағандар көбейді.

Созақ ауданының өзінде 45 азамат бизнес ашып, тұтынушы сұранысын өтеп отыр. Оның ішінде ата кәсіпті қайта жандандырғандар бар.

Созақ ауданының тұрғыны Дінмұхамед Оспанов шағын шеберханасында автокөлік бөлшектерін құрастырады. Тұрмысқа қажетті бұйымдар жасап, темірден түйін түйеді. Айтуынша қайтарымсыз грант қаржысына сатып алған токарлық станок тұтынушы сұранысын толықтай қамтуға мүмкіндік берді.

Дінмұхамед Оспанов, темір ұстасы:

- Келген адамдар түн ортасы демейді. Өздеріне қажет уақытында келеді жонатын, сынып қалған заттарын алып келеді. Соны әйтеуір осы жерде өңдеп шығарып, жонып береміз. Мысалы, өзіме қоса әкем бала-шағама да үйретіп жатыр жәймен. Бұл жақсы кәсіп, ерінбесең табысты боласың.

Шебер әкенің тәжірибесі талапты балаға азық болды. Бірлесіп атқарған тірліктің берекесі мол. Осылайша техниканың тілін тапқан мамандар талаптансаң табысқа кенелесің, дейді. Сөйтіп, бұл отбасыда ұрпақтар сабақтастығы сақталды. Немерелері де темір ұстасы болуға машықтанып жүр.

Бекмұханбет Оспанов, темір ұстасы:

- Жалғыз балаларым емес, елдің балаларын үйреткім келеді. Әрі қарай алып кетсе бұл деген жақсы мамандық қой. Жұртқа көмектесесің. Жоқтан бар шығару керек токарьный станокта. Киім сияқты бұны да жеті рет өлшеп, бір рет кессең нақты шығасың есебінен.

Шебер алдағы уақытта қажетті құрал-сайманын түгендеп, кәсіпорынды кеңейткісі келеді. Себебі ауыл-аймақта токарлықтық қыр-сырын жақсы білетін маман тапшы.

Нағима Байташова, Шолаққорған ауылының тұрғыны:

- 20-25 жылдай болды бұл отбасымен көршімін. Үй арасында үй жоқ көрші тұрамын. Жүгіріп келе саламыз пышақтарды қайратамыз, күрек, кеппен одан басқа печкалар бұзылып қалса да сваркалайтын, істейтін жерлері болса бәрін істеп береді. Көрші болғаннан кейін сұрамайды, ақы алмайды бізден.

Биыл Созақ ауданында 45 азаматқа кәсіп бастау үшін қайтарымсыз қаражат берілді. Әлеуметтік осал топ пен көпбалалы отбасы мүшелеріне, мүгедектігі бар баланы асыраушыларға 1 миллион 380 мың теңге көлемінде грант тағайындалды. Сала мамандарының сөзінше жыл санап конкурсқа өтініш берушілердің қатары артып келеді. 

Елдос Дәулетбаев, Созақ аудандық "Мансап" орталығының директоры:

- 4 легте өтініш қабылданды. Жалпы әр легте 16 азаматтан 45 азамат қамтылды. Көбісі тігіншілік жағы, одан кейін қолөнер бұйымдарын дайындау, токарлық станоктар бойынша кәсіп ашқан азаматтар қосымша жетпей жатқан жабдықтарымен қамтамасыз етілді.

Өзін өзі жұмыспен қамтыған ауыл азаматтарының кәсібін мониторинг топтары бақылайды. Мамандар қайтарымсыз қаржының мақсатты жұмсалуын қадағалап, кедергілерді бірлесіп шешуге қолдау көрсетеді.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов