Екібастұзда өсірілген көкөністің 90% ел нарығында сатылады

Нарықтың аты нарық. Дегенмен өзіміз өнім өндірсек, соның жемісін жейміз.

Бұл - анық! Елдегі ең ірі жылыжай кешені Екібастұзда екен. Аумағы – 30 гектар. Жылына 1 миллион келіден аса өнім береді.

Голланд технологиясымен жұмыс істейді. Заманауи өндіріс көкөністің 90 пайызын ішкі нарыққа шығарады. Ең бастысы мұнда 300-ге тарта адам еңбек етеді екен. Мемлекеттің көмегі арқасында кәсіпкерлеріміз нарыққа бейімделіп келеді. Халық та осында еңбек етіп, ақадал табыс табады. Әрі өз қаласында өскен балғын көкөніс жейді.

Ғизат Елемес университеттен кейін жылыжайға агроном болып орналасты. Жұмыс істей жүріп магистратураны бітірген жас маман бес жыл бойы Нидерландтан келген агрономдармен иық тіресе жұмыс істеді. Кәсіптің қыр-сырын меңгергер ол шәкірт тәрбиелейтін деңгейге жетті. Себебі елімізде жылыжай агрономдары тапшы. 

Ғизат Елемес, агроном:

-Біз осы жерде әріптестерімізді оқытамыз. Шетелдік мамандардың көмегіне жүгінбей-ақ, өз күшімізбен жұмыс істеуге болатынына көз жеткіздік. Бізде өте жақсы инженерлер бар. Жақында Еуропаға барып голландтық компаниялардың жұмысымен таныстым. Ешқандай артықшылығы жоқ екен. Демек, қолымыздан келеді.

Жылыжай шаруашылығында 300-ге тарта адам еңбек етеді. Жылына 1 миллион 200 мың келі қияр, қызынақ, болгар бұрышы сияқты көкөніс жиналады. Әрбір шаршы метрден орташа 35-40 келі экологиялық таза өнім алынады.

Баршагүл Сайлауқызы, жылыжай бригадирі:

-Қазір мен бригадир болып жүргендіктен, алты, жеті, сегіз тонна, он екі тонна аламыз. Қазір мынау үшінші блок деп аталады. Келесі блок төртінші блок, екі блоктан бірігіп, он екі тонна аламыз. Бізде жаңа ашылды, осы блок, енді ары қарай біз жиырма тонна береміз.

Жылыжайдың жалпы аумағы 30 гектарды алып жатыр. Бес гектардан алты блокқа бөлінген. Экономикалық тұрғыдан мықты компаниялар қатарына кіретін кешен мемлекет қолдауымен құрылған. Еліміздегі фермерлік жылыжайлардан айырмашылығына келсек, толық автоматтандырылған әрі озық технологияларға негізделген. Электр қуатына тәуелді болған соң, шығыны да аз емес. Әсіресе қыс мезгілінде қуат көзін көп тұтынады. Бұл өнімнің құнына әсерін тигізбей қоймайды.

 Аңсат Жаңатаев, жылыжай кешенінің директоры:

-Электр энергиясын сатып алудың түрлі моделі енгізіліп жатыр. Теңгерімдеуші нарық бойынша енгізілген соңғы модельге тоқталсақ  ол мүмкін  дұрыс қағидат шығар. Қазақстандағы электр энергиясының тапшылығын, профицитін бақылауға көмектеседі. Бірақ біз сияқты кәсіпорындардың кейбір ерекшеліктері ескерілмеген. Бізде автоматтандыру жүйесі іске қосылады. Жарықты нақты уақытпен пайдалана алмаймыз. Метеостанцияларға тәуелдіміз. Артық шығын кетеді.

Екібастұзда өсірілген көкөністің 90 проценті ел нарығында сатылады. Ал өнімнің құны маусымға байланысты өзгеріп отырады. Қыс мезгілінде бәсекелестік төмендейді. Бұл шығынның орнын толтыратын кез.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков