Аяқ киімді міндетті таңбалаудың тиімділігі неде?
Қытайлық аяқ киім өндірушілер елімізге импорттайтын аяқ киімдерді тегін таңбалауға дайын.
Қазір көрші ел Қазақстан нарығының 70 пайызын қамтиды. «Бұл бір жағынан жергілікті кәсіпкерлер үшін тиімді. Екіншіден, көлеңкелі экономикамен күресудің жолы», – дейді мамандар.
Бұл фабрикада 60 жылдан бері таза былғарыдан аяқ киім тігіледі. Мұндағы тауарлар нарыққа шықпас бұрын таңбаланады. Отандық өндірушілер: «Аяқ киім қорабына DataMatrix идентификаторын енгізу көптеген мүмкіндікке жол ашады», – деп отыр.
Шамухтар Шаюнусов, «Таразкожобувь» фабрикасы бас директорының орынбасары:
-Аяқ киімді өзіміз таңбалаймыз. Ол бізге үлкен мүмкіндік береді. Мәселен, тұрғындар тауарды сатып алып, қораптың сыртындағы штрих-код арқылы Тараздан шыққан өнім екенін көре алады. Аяқ киімнің қандай материалдан тігілгенін, табаны қалай өңделгені бойынша барлық ақпаратты алады. Бұл ең алдымен өндірушінің тұтынушы алдындағы жауапкершілігін көрсетеді.
Альмира Оразбай, тілші:
-Аяқ киімді міндетті таңбалау өткен жылдың қараша айында енгізілген. Содан бері кәсіпкерлердің тауарларына мынадай Дата Матрикс кодын қолдану талабы қойылды. Оның мақсаты – контрафактты өнімдерді заңсыз айналымнан алып тастау, яғни нарықты көлеңкеден шығару.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде аяқ киім тауарлары айналымының 96 пайызы – импорттық, 4 пайызы – отандық өнім. Ішкі нарықтың дамуына оның көлеңкелі айналымы кедергі болып келген. Ал міндетті таңбалау енгізілгелі бері аяқ киімнің ресми импорты 36 пайызға ұлғайып, өндірісі 20 процентке өскенін көрсетеді.
Алмат Исмаилов, тауарларды таңбалау мен қадағалау бірыңғай операторы жобалау кеңсесінің басқарушы директоры:
-Міндетті таңбалау енгізілгенге дейін шамамен 34 миллион аяқ киім өндірдік. Бұл Қазақстанның бір жылғы тауар айналымы. Ал жаңа ереже енгізілгеннен кейін оның саны 45 миллионға жуықтады. Бұдан бөлек, Қытай аяқ киім өндірушілері енді елімізге импорттайтын аяқ киімдерді тегін таңбалайды. Бұл елімізге сырттан келетін тауарлардың ресми қабылданатынының белгісі.
Иә, Қытай демекші, Қазақстанға аяқ киімнің негізгі жеткізушілері – осы Аспан асты, Түркия және Еуропа елдері. Бұл мемлекеттегі аяқ киім өндірушілері елімізге жеткізілетін тауарларды тегін таңбаламақ. Бұл ретте импорттаушылардың өтініштерін ескерген жауапты ведомство міндетті таңбалау мерзімін келер жылдың 1 ақпанына дейін ұзартты. Енді бұл жұмысқа білек сыбана кірісу керек.
Авторлар: Альмира Оразбай, Жандос Битабаров, Бағдат Қайыркен