11 айда ел экономикасы 4,9% өсті
Жоғары өсім әсіресе құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс салаларында байқалды.
Өңірлер арасындағы қарқын Маңғыстау, Түркістан, Абай және Павлодар облыстарына тиесілі. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкіметте отандық азық-түлік өндірісі де 2 пайызға жуық артқанын баяндады. Алайда, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару бәсеңдеген. Сондай-ақ, Әлібек Қуантыров мереке күндері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу үшін жергілікті әкімдер мәселені ерекше бақылауға алуы тиіс деді.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Ағымдағы жылғы қаңтар-қарашада 15 млн шаршы метрден аса тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 15,6%-ке жоғары. Ең жоғары көрсеткіш Астана, Алматы қалаларында, сондай-ақ Ұлытау және Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелді. Ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 8,4%-ке төмендеді. Ең көп төмендеуді Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, сондай-ақ Павлодар облыстары көрсетті.