Сыртқа шығатын капиталға бақылау күшейеді

Халықаралық операциялардан мемлекетке түсетін кірістер ұлғаяды.

Мәжіліс трансферттік бағаға қатысты заң жобасын мақұлдады. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев заң аясында мемлекетке қосымша 50-ден 100 млрд теңгеге дейін қосымша қаражат түсетінін атап өтті. Нарықтық бағаны анықтау әдістері жетілдіріледі. Осы арқылы шетке шығатын капиталға бақылау күшейеді. Тараптардың өзара байланысы терең зерттеледі. Себебі кейбір ірі салық төлеушілер жасанды делдалдық жасап, қалтасын қампайтқаны белгілі болды. Қазірде трансферттік баға белгілеуге қатысты бақылау еліміздің тауар биржаларында жасалған мәмілелер бойынша жүргізілмейді. Әдетте ондай келісімдер нарықтық бағадан төмен құнмен жасалады. Ал бұл капиталды елден шетке жылыстатуға мүмкіндік беруі мүмкін.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі:

- Жалпы капиталды заңсыз иемденуге немесе сыртқа шығаруға қатысты кешенді түрде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның аясында осы трансферттік баға белгілеуді бақылау. Осы заң аясында біз қосымша делдалдардың пайда болуына шектеу қоямыз. Ондай делдалдар көбінесе шетелде құрылады. Олар бізден шығарылған шикізаттық тауарларды төмен бағамен шығарып, сыртқа жоғары бағамен сатып, ортасындағы табысты өздері қалтасына салып отырады. Біз осындай фактілерді салықтық тексерулер кезінде әшкереледік.