Аягөз-Бақты теміржолы салынады
Қазақстан транзит ауқымын кеңейтеді. Қытайға қарай үшінші теміржол салынады.
Яғни Қорғас пен Достықтан бөлек Бақты шекара бекеті арқылы да қатынай аламыз.
Сол үшін Аягөзден Бақтыға дейін теміржол төселеді. Екі аралық – 270 шақырым. Бұл ежелгі Жібек жолының жаңғырған бір тармағы болмақ. Құрылысқа 2 мыңға жуық адам тартылады деген де ақпар бар.
Теміржол саласы мамандарының айтуынша, «Аягөз-Бақты» бағытындағы шойын жол ел экономикасына тың серпін береді. Жоба жүзеге асқанда Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы жылына 20 миллион тоннаға дейін ұлғаяды. Жүкті жеткізу уақыты да біршама қысқарады.
Алмас Сейсемқанов, "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС аймақтағы өкілі:
- Мысалы, қазір Аягөз-Достық деп айтатын болсақ, екі ортада үш күн кетеді десек, енді Қытайға жүктеріңіз екі күнде баратын болады. Ресейден келетін транзиттік жолмен кетіп бара жатсақ, транзитті қысқартады. Транзит көбейеді. Бұл Қазақстан мен Қытайдың арасындағы үшінші шекара.
Ал стратегиялық нысан іске қосылғанда шекара шебінде жаңадан құрылатын Мақаншы ауданында 3 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады.
Ақылбек Башимбаев, Үржар ауданы әкімнің міндетін атқарушы:
- Теміржолды түсіру 2024-2025 жылдарға жобаланып отыр. Аягөзден шығып, Таскескен, Үржар, Мақаншы және Бақты ауылдарында станция түсіру жобаланып отыр. Бұл да ауданға, Үржар ауданына, Мақаншы ауданы бөлінгеннен кейін үлкен экономикалық оң септігін тигізеді.
Алмас Сейсемқанов, "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС аймақтағы өкілі:
- Бұл теміржол саласының жұмысшыларына Үржар мен Мақаншының екі ортасындағы теміржол саласында жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Үржар мен Аягөздің арасында теміржол болған жоқ қой. Енді оларды оқытып, бізде қазір колледжден, академиядан келіп жатқандар бар. Соларды үйретіп, сол жерге жұмыс атқаруға тартамыз.
Теміржолдың бойына 11 разьезд, 47 көпір, бірнеше жол өткелдері салынады. Алдын ала болжам бойынша теміржолмен жылына шамамен 7 миллион тонна жүк тасымалданады.
Азамат Қасым, Медет Өмірханов, «24.KZ», Абай облысы.