Қазақстанның транзиттік әлеуеті қандай?
Бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған қазақ жері қазір әлемдік логистикада маңызды ойыншыға айналды.
Әлеуеті күн санап артқан Қытай мен Еуропа елдері бұрынғыдай құрлықтарды айналып жүргісі келмейді.
Иә, Алтай мен Атыраудың арасында көсіліп жатқан Қазақстан – жер ортасы екені анық.
Әрине. Біз осы артықшылығымызды қалай кәдеге жаратып отырмыз?
Биыл Қазақстан арқылы өтетін жүк тасымалы 44 пайызға өсті. Яғни, 2,5 млн тоннадан 3,5 млн тоннаға жетті. Алдағы 6 жылда жүк тасымалы 5 есеге артады деген жоспар бар. Басқа да мүмкіндіктер туралы «Бұл – нарық!» айдарында айтамыз.
Биыл қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстан 57 млрд доллардың тауарын экспорттады. Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 пайызға артып отыр. Келесі жылы сыртқа шығатын тауар көлемін ұлғайту міндеті тұр. Ол үшін әрине жол керек. Билік бұл бағытта әлеуетті жоспар құрды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Батыстан Шығысқа баратын негізгі жолдар біздің еліміз арқылы өтеді. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалану керек. Сапалы жол дегеніміз ел экономикасының күретамыры. Біз авто және теміржол желілерін тұрақты дамытып келеміз. Биыл 850 шақырымнан астам жол салдық. Алдағы үш жылда 1300 шақырым теміржол іске қосылады.
Былтыр теміржолмен 245 млрд тонна-километр жүк тасымалданыпты. Бұл қарқын биыл да сақталып отыр. Теміржолмен тауар тасыған тиімді. Әсіресе, іргедегі көршімен сауда жасағанда таптырмас құрал. Мәселен, қазақ бидайы көрші елдерге осы шойын жол арқылы тасылады.
Биыл тұтынушылар арасында өзбектер көш бастап тұр. Бұдан кейін бидай тиеген біздің вагондар Тәжікстан, Түркіменстан, Қытай мен Италияға жиі қатынапты. Әлеуетті тұтынушылардың бірі – Ауғанстан 348 мың тонна сатып алған.
Дамир Егізбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі:
- Экспорттық жағдайға келетін болсақ, биылғы Қазақстан бидайының экспорты 1,4 млрд долларға жетті. Бұл ұқсас кезеңмен салыстырғанда 20 пайызға көп. Мысалға былтыр дәл осы 9 ай көлемінде 1,2 млрд доллар болған еді.
Өзбек жұртымен алыс-беріміз келесі жылы арта түспек. Бір мысал, қарашаның соңында Түркістан облысында ұзындығы 152 шақырым болатын Мақтаарал-Дарбаза теміржол желісінің құрылысы басталды. Жалпы жыл басынан бері Қазақстан мен Өзбекстан арасында жүк тасымалының көлемі 25,8 млн тоннаға жеткен. Жыл соңына дейін 31 млн тоннаға жетеді деген болжам бар. Қазір Үкімет теміржолға айрықша көңіл бөліп отыр. Достық-Мойынты учаскесінде екінші жол салынып жатыр. Жақында Қытаймен үшінші халықаралық торапқа шығатын Бақты-Аягөз желісінің құрылысы басталуы тиіс.
Су жолдары да маңызды. Ерекше жоба ретінде Транскаспий дәлізін атап өтуіміз керек. 11 айда теңіздегі порттар арқылы 6 жарым млн тонна жүк тасымалданды. Өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық. Сонымен бірге, жүктің басым бөлігі Еуропаға бағытталған.
Қазақстан осы географиялық орналасуын ұтымды пайдалануы тиіс. Мүмкіндікті мүлт жібермеу үшін Үкімет бірнеше жұмысты іске асыруы қажет. Көлік министрі Қарабаевтың айтуынша, Каспий тартылып барады. Сол үшін порттар маңайын тереңдетіп, айлақтарға теміржол тарту керек.
Тағы бір мәселе – сауда флотында кеме жетіспейді.
Қазір Қазақстанның Қаратеңіз бен Жерорта теңізінде 115 мың тонналық 2 танкері, Каспий теңізінде 11 танкері бар. Сондай-ақ, құрғақ жүк таситын 4 кеме мен 3 контейнер тасымалдағышқа иелік етеді. Бірақ, әлі де 10 кеме қажет. Министрлік өзімізде кеме зауыты салынғанша көршілес елдердің зауыттарына жүгінуге мәжбүр.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Қазіргі уақытта “ҚазақстанТеңізФлоты” компаниясы кемелердің жаңа моделін жобалауда. Олардың құрылысына, мемлекеттік қолдау ретінде Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылады. Кеме салу зауытының өндірісін бастапқы кезеңде Каспий теңізі жағалауында орналасқан нысандардың базасында бастау жоспарланып отыр.
Алдағы таяу жылдары Үкіметтің алдында тұрған негізгі міндет осы стратегиялық жобаларды жеделдетіп жүзеге асыру. «Алма, піс, аузыма түстің» дәуірі өтіп кеткен. Өйткені, бұл – нарық. Нарықта «қолы қимылдағанның аузы қимылдайды».