Маңғыстауда жаңа кен орындарын жобалау аяқталды
Маңғыстауда 3 бірдей кен орнын жобалау жұмыстары аяқталды.
Соның біріне келер жылы теңіз платформаларын салу жоспарланып отыр. «Қаламқас-теңіз» кен орны жылына 4 млн тонна мұнай өндіруге мүмкіндік береді. Шалғайдағы өңірде мұндай жобалар алғаш рет жүзеге асып жатыр. Құрылысы кезінде 2 мың жұмыс орны құрылмақ.
Маңғыстаудың қазба байлықтары картасында «Қаламқас-теңіз», «Хазар» және «Әуезов» кен орындары пайда болды. Инвестициялық жобалар өңірдің ғана емес, Қазақстанның экономикалық әлеуетін арттыруға сүбелі үлесін қосады. Оларды қазақстандық және шетелдік инвесторлар жүзеге асырып жатыр. «Қаламқас-теңіз» жобасы аясында 300-дей адам жұмысқа алынады. Кен орнында 81 млн тонна мұнай қоры бар. Каспий теңізінен 64 шақырым жерде металл конструкцияларынан теңіз платформалары салынады.
Нұрлан Ноғаев, облыс әкімі:
- Жоба еліміз үшін аса маңызды. Оған үлкен жауапкершілікпен қарауды сұраймын. Мемлекет басшысы ел экономикасына инвестициялар тарту жөніндегі жұмыс тиімділігін жақсарту шаралары туралы Жарлыққа қол қойғанын білесіздер. Осы жобаларға біліктілігі жоғары жергілікті мамандарды тартуға, қосымша даярлау үшін барлық жағдайды жасайтын боламыз.
«Қаламқас-теңіз», «Хазар» және «Әуезов» кеніштерін игеру жөніндегі жоба шеңберінде 6 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция тарту көзделіп отыр. Оған стратегиялық серіктес ретінде Ресейдің мұнай компаниясы қатысады.
Андрей Решетнев, қазақстандық мұнай компаниясы бас директорының бірінші орынбасары:
- Бұл жобалардың ауқымы кең. Олардың құрылысы кезінде мыңдаған жұмыс орны құрылады. Жоспар бойынша жаңа кен орындары 2028 жылдың төртінші тоқсанында немесе 2029 жылдың бірінші тоқсанында өз жұмысын бастайды деп күтіледі.
Осылайша, таяу жылдары Маңғыстауда ашылатын жаңа кәсіпорындар өңір әлеуетін арттырып, жұмыссыздықпен күреске тың серпін бермек.
Айта кету керек, инвестжобаларды жүзеге асыру кезінде еліміздің экологиялық заңнама талаптарының бұзылмауы ерекше назарда ұсталады.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.