Қазақстан мен Омбы облысы арасындағы тауар айналымы 8 млн доллардан асты
Қазақстан мен Омбы облысы арасындағы тауар айналымы биылғы жылдың 8 айында 299 миллион доллар болды.
2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 4 пайызға өскен. Кейінгі жылдары өзара іс-қимыл айтарлықтай жанданды.
Омбы облысының сыртқы сауда айналымының шамамен үштен бір бөлігі Қазақстан еншісінде. Былтыр екіжақты тауар айналымы 488 миллион долларға жетті. Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаевтың Омбы облысына жұмыс сапарында екіжақты байланыстардың әлеуетін одан әрі дамыту мүмкіндіктері талқыланды. Кездесуде өңір губернаторы 2026 жылы Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумын Омбы қаласында өткізуді ұсынды.
Дәурен Абаев, Қазақстанның Ресейдегі Елшісі:
- Бұл жерде қазір қазақ тілі мәселесі де көтеріліп жатыр. Біз келісіп жатырмыз, осы жердегі бүкіл қазақтың салт-дәстүрін қолдайды, қазақтарды қолдайды деген келісімге келіп жатырмыз. Менің ойымша, осы жерге келуімнің үлкен бір сұрағы жоғары деңгейде түсіністікпен қаралып жатыр.
Омбы облысында шамамен 70 мың қазақ тұрады. Дәурен Абаев аймақ басшылығына қандастарымыздың ана тілін үйреніп, салт-дәстүрімізді сақтауға деген талпыныстарына қолдау көрсетіп отырғаны үшін алғысын білдірді. Өңірдегі қазақ қоғамдық бірлестіктерінің жетекшілерімен кездесіп, ана тілді оқыту, қазақ сыныптарын ашу мәселесін талқылады.
Асқар Раисов, Қазақ тілі мен мәдениетін дамыту жөніндегі «Мирас-Наследие» қорының төрағасы:
- Бізде кезінде он екі мектеп болған Омбы облысында. Сол он екі мектептің біразы жабылып жатыр. Біздің үмітіміз бар, бір жақсы орталық болса деген. Мектеп пе, мәдениет орталығы ма. Сонда жиналып, қазақ тілін дамытатын, қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдерді жинап, осыны ұйымдастырамыз деген ойымыз бар.
Омбы облысының ғылым және білім саласы айтарлықтай дамыған. Қазір жергілікті жоғары оқу орындарында 5 мыңнан астам қазақстандық студент білім алып жатыр.
Дана Нұржан, Шахзод Гамиров