Солтүстікте ірі қара мал терісі өңделеді
Солтүстік Қазақстан облысында жылқы мен ірі қара терісі кәдеге жаратылатын болды.
Жергілікті оқытушы Ақан Жүнісов одан жоғары ақуызды қоспа жасаудың жолын ойлап тапты. Оның бұл жобасы мемлекет тарапынан қолдау тауып, ғылыми қордан 350 млн теңге қайтарымсыз грант бөлінді.
Мына шағын зауытта жылқы мен ірі қара терісі терең өңделіп, соңында осындай ақшыл ұнтақ болып шығады. Бұл малға берілетін жоғары ақуызды қоспа. Табиғи таза өнім құс фабрикасында сыналып көрді. «Нәтижесі көңілден шықты», - дейді жоба авторы.
Ақан Жүнісов, жоба авторы:
- Құс өзінің салмағын 22 – 25 пайызға өсірді. Сол айталық, біз құстан 80 грамм тәуліктік қосымша салмақ алатын болсақ, сол 80 граммның есептеңіз, 20 где – то 6 – 16 грамдай қосымша салмақ.
Ақан Жүнісов Петропавлдағы Манаш Қозыбаев университетінің оқытушысы. Оның айтуынша, бұл жобаның елімізде баламасы жоқ. Шағын зауытта әзірге жылына 300 тонна өнім дайындалады.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Қазақстанда жыл сайын 3 миллионға жуық тері өндіріледі. Бірақ төрт түлікті қанша сойып жесек те, өңдеу жағына жоқпыз. Мамандардың айтуынша, дайын өнімнің небәрі 10 пайызы кәдеге жаратылады.
Қазақстанда тері өңдеу саласы кенже қалып келеді. Өндіріс өрге баспаған соң, белгіленген баға да жоқ. Осындай олқылықтың орнын толтыру мақсатында бұл жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты. Оған ғылыми қордан 350 млн теңге бөлінді.
Әлия Тәжиева, ғылым қорының коммерцияландыру менеджері:
- Жоба өзінің жоғары әлеуметін көрсетті. Біз ғылыми бастаманы басынан аяқ толық қаржыландырамыз. Инвестиция 3 жылға бөлініп беріледі. Грант қайтарымсыз.
Ғылыми жоба кәсіпкермен бірге жүзеге асырылады. Бескөл ауылындағы шағын зауыт жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік берді. Қазір мұнда 20 адам еңбек етеді.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов