Жарты жылда Қазақстанға $13,3 млрд тікелей инвестиция тартылды

2029 жылға қарай экономика көлемін екі есе арттырып, 450 млрд долларға дейін жеткізу жоспарланған.

Экономикалық өсімге әсер ететін негізгі факторлардың бірі – инвестициялар. Елге шетелдік қаржыны тарту тектіктері де біршама жеңілдеді.

Өткен жылы тікелей шетелдік инвестициялар $28 млрд-қа жетті. Биылғы 6 айда ұлттық экономикаға тағы $14 млрд-қа долларға жуық қаржы тартылды. Жыл соңында сырттан келген ақша бұдан екі есе артады деген жоспар бар.

Тікелей инвестициялар – $27 млрд

2023 жылды қорытындылау уақыты келді. Биыл Қазақстан күрделі сыртқы жағдайларға қарамастан экономикаға тиімді инвестицияларды тарта алды. Бұл елге жаңа өндіріс орындарын құрып, инфрақұрылымды одан әрі дамытуға мүмкіндік берді. Биыл бірінші жартыжылдықта Қазақстанға $13,3 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Жыл соңында бұл көрсеткішті 27 млрд долларға жеткізу жоспарда бар. Қазақстан шетелдік инвестицияларды тарту бойынша Орталық Азияда көшбасшы саналады. Өңірдегі барлық салымның шамамен 70%-ті бізде. Халықаралық агенттіктер Қазақстанның инвестициялық сенімділік деңгейіндегі тәуелсіз рейтингін растады. Қыркүйек айында S&P тұрақты болжам жасаса, қазанда Moody's біздің экономикамызға қатысты жорамалын жақсартты.

Ернар Серік, Экономикалық зерттеулер институтының Сауда саясатын дамыту орталығының директоры:

- Статистикаға келетін болсақ, біздің басты инвесторларымыз – ол Нидерланды, АҚШ, Ресей, Қытай және Франция елдері. 70-тен астам келіп жатқан сыртқы инвестициялардың көлемі сол 5 елден болып келеді. Ол көлемі бойынша. Ал саны бойынша қазіргі ең басты инвесторларымыз – сол Қытай мен Ресей, Түркия елі.

Бұл – экономика үшін нәтижелі көрсеткіш. Инвестицияларды тарту қазақстандықтардың әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Тұрақты табыс көзі бар жұмыс орындарын ашады. Бүгінде экономиканың барлық саласында 967 млрд теңгеге 210 жаңа инвестициялық жоба іске қосылды. Оның ішінде шетелдіктердің қатысуымен 76 млрд теңгеге 11 жоба бар. Үкімет есебіне сай жыл соңында бұл көрсеткіш өсіп, бас-аяғы 1,6 триллион теңгеге 291 жобаны пайдалануға беріледі.

Ернар Серік, Экономикалық зерттеулер институтының Сауда саясатын дамыту орталығының директоры:

- Қазір трендтерге келетін болсақ, біздің елге өңдеу өнеркісібіне инвестиция тарту кішкене болса да, өсіп келе жатыр. Оған дейін шикізатқа келетін болса, қазір өңдеу өнеркәсібіне келіп жатыр. Бұрынғы жылдары таза өңдеу өнеркәсібіне келетін инвестиция 400-500 миллион доллар болса, қазір 900 миллиардқа жетіп қалды. Ол тазартылған инвестиция, «чистый поток» дейді.

 

Банктердің табысы 53,8%-ке артты

Екінші деңгейлі банктердің пайдасы бір жылда шамамен 54%-ке артты. Ең жақсы көрсеткіш Отбасы банкінде. Қаржы ұйымының табысы 62,8% көбейіп, 127 млрд теңгеден асты. 2022 жылы Отбасы банкінің таза пайдасы 96 млрд теңге, өсім 46% болған. Kaspi Bank екінші орында. Оның бір жылдық табысы 390 млрд теңгеге жетті. Үздік үштікті Еуразиялық Банк түйіндейді. Мұндағы кіріс 26% көбейіп, 97 млрд теңге болды. Бір қызығы, биыл Қазақстандағы ешбір ірі банк шығынға ұшыраған жоқ. ranking.kz Ұлттық банктің ақпаратына сүйеніп, осындай сараптама жасады. Бұл үрдіс соңғы 10 жыл бойы байқалды. Сарапшылардың пікірінше, оның бірнеше себебі бар. Ең біріншісі, кепілсіз несиелер бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі жоғары. 2012 жылдан бастап банктер тұтынушылық несиелерді 56% мөлшерлемемен береді.

Нұржан Бияқаев, банк ісі жөніндегі тәуелсіз сарапшы:

- Жылдық мөлшерлеме 56%-ке дейін несие беру бұл өте жоғары мөлшерлеме. Несиені біреу тұрақты төлейді, енді бірі төлемейді. Бірақ жылды қорытындылағанда банктің табысы бәрібір артады. Өйткені біздегі мөлшерлемелер тым жоғары. Сондықтан биыл Мәжіліс пен Сенат жылдық мөлшерлемені 56%-тен 42%-ке дейін төмендету туралы түзетулерді қабылдады. Бұл заң қабылданса, жаңа жылдан бастап кепілсіз берілетін тұтынушылық несиелердің жылдық пайыздық мөлшерлемесі 42%-ке дейін  төмендейді деген үміттемін.

 

Шағын несие үлкен мәселеге айналды

Сонымен қатар сарапшы онлайн несиелерді беру талаптарын күшейтіп, қарыз алушылардың жасы мен төлем қабілетін қатаң бақылау керек деп есептейді. Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, бүгінде 197 млрд теңге онлайн-микрокредит берілген, қарыз алушылар саны 1 млн адамға жетті, оның ішінде 297 мың адамның проблемалық   микрокредиттері бар. Бұған халықтың қаржылық сауатының төмендігі мен құжаттардың байыбына бармай, несие рәсімдеуі де себеп, - дейді сала мамандары.