Ұлттық қорға жиналған қаражат көп ұзамай балалардың шотына түседі

Ұлттық қорға жиналған миллиардтар көп ұзамай балалардың жеке шотына аударылады.

Көпшілік перзентінің ризығын сарыла күтіп жүр. Қазірден бастап жеке деректерді тексеріп, баланың Жеке сәйкестендіру нөмірін тіркеп әлек. 

Иә, игі бастама әне-міне дегенше, жүзеге асады. Бірақ кей азаматтар "жеке деректі тіркеу кезінде қате кетсе" қайтеміз деп алаңдайды. Әлеуметтік желідегі шолақбелсенділер "Жеке сәйкестендіру нөмірі тіркелмесе, балаға ақша жоқ" деп қорқытып қойған. Бұл ақпарат шындыққа жанаса ма?

Ұлттық қордың қаржысы балалардың шотына ақпан айынан бастап аударылады. Осыған байланысты, жыл соңына дейін тұрғындар перзентінің жеке сәйкестендіру номерін сайлап, арнайы базада бар-жоғын тексеріп алуы керек. Әйтпесе, порталдағы ақпараттан қате кетуі ықтимал. Азаматтардың алды бұл істі бастап та кетті.

Лида Наурызхан, қала тұрғыны:

- Иә, бәрін істеп жатырмыз, жасап жатырмыз. (Базаға тіркедіңіздер ме?) Да, тіркеудеміз. Өзімнің қызым бар, 13-те. Тіркеп бәрін орын-орнына қойып қойдық. Өте керемет. Халықтың, балалардың келешегін ойлап істеп жатқан нәрсе тамаша, маған өте ұнайды. 

Иә, деректерді тіркеу қажет. Бірақ, құжат толық тіркелмесе де бала қаржыдан қағылмайды. Мұны қаржы министрлігінің өкілдері айтты. Егер деректен қате кетіп, балаға төлем жасалмаса қаржы келесі жылы аударылады. Осылайша, 18 жылда бөлінуі тиіс қаражат түгелімен шотқа түседі.

Айбол Арғынғазинов, ҚР Қаржы министрлігінің департамент директоры:

- Электронды үкіметтің порталынан БЖЗҚ жаңа жылдан кейін базанына тексеру керек баланың ЖСН-і бойынша. Егер де ол жерде ақпарат болмайтын болса, БЖЗҚ-ға жүгініп, осы мәліметті жеткізу керек. Тиісінше, осы баланың мәліметтерін қалпына келтіру бойынша жұмыс істеу керек. Бала қандай жағдай болмасын қаржыдан шет қалмайды. егер де қандай да бір себеппен мәліметтер базасында болмаса, кейін қосылатын болса бұл қаражат келесі жылы қосылады. Мұның барлығы заңға тәуелді актілер әзірленген, бұл жағдайлар көзделген. 

Қазір елде 7 млн аса бала бар. Олардың саны жаңа жылға дейін тағы өсері анық. Ал төлем Ұлттық қордың табысы мен осы бала санына тең бөлінеді. Ақшаны баспана немесе білім алуға жұмсауға болады. Айта кетейік, тұрғын үйді тек ел аумағында ала аласыз. Ал шетелде оқимын десеңіз, оның ақысын осы ақшамен өтеуге рұқсат.

Бекзат Аманов, Мадияр Қындыбаев