Павлодар облысында алты ай қыста далада жайыла беретін ешкілер бар
Павлодар облысында алты ай қыс далада жайылатын асыл тұқымды ешкілер бар.
Ашатұяқтылар Алтай өңірінен әкелінген екен.
Түбіті мен еті сұранысқа ие Шекшек ата тұқымы бұл жақтың климатына тез бейімделіпті.
Май ауданының жоталы белдері ешкі малын өрістетуге қолайлы. Шөбі шүйгін, суы мол. Алтай өлкесінен жеткізілген жануарлар жергілікті өңірге тез бейімделді. Аяз бен бораннан ықпайды.
Қайырғалы Бақауов, Ақшиман ауылдық округінің әкімі:
- Енді бұл ешкінің ерекшелігі тапал айырмашылығы көріп тұрсыздар бойлары тапал, тебінге, қысқа төзімді. Қысы-жазы жайылымда. Қара ешкі дейді ғой, түбітті қара ешкілер сол асыл тұқымды.
Ешкі өсімтал келеді. Суыққа төзімді. Төлдегенде шығыны да аз. Ферманың мал дәрігері Әлфараби Оралов жуырда вакциналау науқанын аяқтады. Қыс мезгілінде жас төл үшін алаңдаудың қажеті жоқ дейді ол.
Әлфараби Оралов, ветеринар:
- Уақытылы бүкіл уколдарын бәрін саламыз. Тексеріледі, қараймыз жаңағыдай, номерациялар бәрі сол қазір күйлері жақсы.
Жануарларды суықтан қорғайтын қалың түбіті. Оны сатып алушылар көктемде алыстан ат арылтып келеді.
Бейбіт Қожанов, шаруашылық басшысы:
- Түбіті енді жазғытұрым таралынып алынады. Солай өзі, сұраныс көп, оңтүстіктен келіп әкетеді. Қалай саудаласасың, солай ғой енді мұның бағасы. Өздері келіп қырқып әкетеді, сұраныс сондай қатты бұған.
Қазір ешкі саны бірнеше мыңға жуықтаған. Бұл облыс бойынша асыл тұқымды ешкі өсіретін әзірге жалғыз ферма.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков