Бизнесті тексеруге мораторий ұзартылмайды
2024 жылы мораторий ұзартылмайды.
Бірақ тексерістің санын екі есе азайту көзделген.
Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі мәлімдеді. Ведомство басшысы Әлібек Қуантыровтың айтуынша, биыл өзектілігін жоғалтқан 10 мың талап жойылды. Тағы бір мыңын Мәжіліс қайта қарап жатыр. Құжат Парламенттен өткен соң жаңа жылда артық талаптың тағы бір легін алып тастауы мүмкін. Бірақ бизнеске босаңсуға негіз жоқ, өйткені жүйеге жаңа технологиялар енгізіледі. Министр келер жылы кәсіпкерлерді қалай тексеретінін түсіндірді.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- 1 қаңтардан бастап тәуекелдерді басқару жүйесі іске қосылады. Ол дегеніміз, тексерістерді адам емес, автоматтандырылған жүйе таңдайды. Арасында жасанды интеллекттің элементтерін болады. Яғни келер жылы кәсіпкерлерге қатысты тексеріс екі есе қысқарады деген жоспар бар. Сәйкесінше айыппұлдар да азаяды. Жаңа жүйе жұмсарғанымен, жүйелі түрде тәртіп бұзған бизнес өкілдері тексеріліп тұрады.
Жаңа салық кодексіндегі жеңілдіктер
Жаңа Салық кодексінде салық жеңілдіктерінің нақты тізбесі жасалады. Экономика министрлігінің мәліметінше, қазір ондай норма жоқ. Енді қандай жағдайда жеңілдік жасалатыны ашып жазылады. Қазір кейбір кәсіпкерлер шынайы табысын көрсетпейді. Бизнесмендердің бір бөлігі кассаны көлеңкелі жүргізеді деді қаржы вице-министрі Ержан Біржанов. Айта кету керек, былтыр бизнесмендерге жалпы соммасы 9,5 триллион теңгенің салықтық жеңілдіктері жасалған.
Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:
- Кәсіпкерлер табысын 200 есеге дейін азайтып көрсеткен жағдайларға куә болдық. екінші деңгейлі банк арқылы жарты миллиард теңге өтсе, қағазда 10-15 миллион деп көрсеткен. Әрине банк комиссиясы төленеді, бірақ бюджетке ешқандай салық түспейді. Бірақ маңызды мәселе, бізге бұл ақапарт екі үш жылдан кейін ғана белгілі болады. Салықтық жеңілдіктері бар елдерде банктер бизнестің ақша айналымын көрсетуге құқылы. Бізде олай емес. Сондықтан, ендігі жалпы ұлттық декларация кезінде бизнес шынайы табысын ашық көрсеткені абзал.
"Бұрын салық төлеушілер кассалық, тауарлық чектер мен ауысымдық есептері бар кассалық кітаптарды сақтауға міндетті болатын. Енді салық төлеуші фискалдық органдарға бірден ақпарат жіберетін функциясы бар бақылау-кассалық аппаратын қолданса, жоғарда айтылған құжаттарды сақтаудың қажеті жоқ. Осының арқасында салық төлеушіге жүктеме айтарлықтай төмендейді дейді сарапшылар.
Соңғы жылдары жасалған салықтық жеңілдіктердің 90%-тін қосымша құн салығы мен корпоративтік табыс салығы құрады. Алдағы уақытта қосылған құн салығын арттыру қазақстандықтарға қатты әсер етпейді. Журналистермен кездесуде Ұлттық экономика министрі осылай деп сендірді. Оның айтуынша, түрлі ауыл шаруашылығы тауарларының бағасына қосымша құн салығы кірмейді. Астық, ұн, сүт, ет және жұмыртқа жеткізетін шаруа қожалықтары бұл төлемнен толығымен босатылды. Ал ауыл шаруашылығы саласының қайта өңдеу өнімдерін өндірушілердің - 70% салық жеңілдігі бар.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Қазақстанда республикалық бюджеттің 40%-і әлеуметтік шығындар құрайды. Мемлекеттік бюджеттің 50%-і де осы бағытта жұмсалады. Елде әлеуметтік төлемдер бойынша дефолт ешқашан болған емес және біз бұл саясатты одан әрі жалғастыруымыз керек. Өтінімдер берілген кезде бізде республикалық бюджет шамамен 24 трлн теңге. Ал өтінімдер шамамен 50 трлн теңгеге келеді. Өйткені мемлекеттік органдардың сұранысы өте үлкен. Сондықтан фискалдық тәртіпті арттырып, бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту қажет.
Бюджет тапшылығын азайту шаралары
Ал 2025 жылға жоспарланған қосымша құн салығының өсуі табысы жоғары салаларға қатысты болмақ. Олар қаржы секторы, жер қойнауын пайдаланушылар және ойын бизнесі. Министр Әлібек Қуантыров, ҚҚС ұлғайту – бюджет тапшылығы жағдайында қажетті шара деп түсіндірді. Бұл қазына кірісін 2,5 трлн теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде Үкімет барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындайды. Қазақстанның шығыны, түскен кірісінен көп деді министр және бұл тенденция жыл сайын артып келеді.
Жалпы Салық кодексі жиі өзгеретін құжаттардың бірі. 2009 жылдан бері Салық кодексінің 2300-ден астам бабына түзетулер енгізілді.