Халық пен салық. Қолма-қол ақша немесе мобильді аударым
Көп ұзамай қағаз ақша қиялға айналатын сияқты. Мобильді аударым қалың қарашаның тұрмысына әбден сіңді.
Банк қосымшасымен есеп те айырысамыз, қайырымдылық та жасаймыз. Тіпті жақындарымыздың қуанышына сүйінші берсек те онлайн банктің көмегіне жүгініп жүрміз.
Алайда телефоныңдағы банк қосымшасын оңды-солды пайдалануды доғарған жөн. Әйтпесе, салықшылардың күдігіне ілінуің ғажап емес. Атқамінерлердің айтуынша, кей кәсіпкер салыққа салғырт қарап, мобильді аударымнан тапқан табысын жасырып қалатын көрінеді. Бұл жайлы экономика жаңалықтарын шолушы Бекзат Амановтан сұрап білейік. Құзырлы органдар келер жылы кімдерді бақылауға алады?
Егер жасырып жүрген табысыңыз болмаса, қорқудың қажеті жоқ. Ереже қарапайым тұрғындарға әсер етпейді. Тек салықтан жалтарып жүрген кәсіпкерлер ғана жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Бірақ елдің экономикалық жағдайы еш өзгеріссіз қалады деп айту қиын. Себебі, бұл – нарық.
Салыққа селқос қарайтын кәсіпкерлердің шығыны өссе, нарық та солардың қабағына қарай құбылатыны түсінікті ғой. Қазір осы тақырыпты талқылап көрейік.
Қазақ қағаз ақшаны ұмытқалы қашан... Сауданы да мобильді аударыммен жасап жүрміз. Бірақ, мұны кей кәсіпкер салықтан жалтару үшін қолданатын сыңайлы. Жауаптылардың бұл іске белсене кірсуі – осыдан. Енді олар шотыңа 3 айдың ішінде 100 адамнан ақша түскен әр адамды тексереді. Дегенмен, тексеріс кезең-кезеңімен жүзеге асады.
Мәселен, биыл мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайы бақылауға алынды. Салықшыларға 500 мыңнан аса адамның дерегі түскен. Соның 8 мыңы күдікке ілініпті. Қазір оларды заң бұзды деп шорт кесіп ешкім айта алмайды. Алайда заңбұзушылық анықталса, кінәлілер жазаланады дейді мамандар. Ал жаза түрлері мынадай...
Ерқанат Шынберген, ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары:
- Жеке тұлға дара кәсіпкер ретінде тіркелмей, қызметін атқаратын болса, сол кезде 15 АЕК айыппұл белгіленген. Кейіннен ол өседі 50-ге дейін. Екінші мәселе, алған кірістерін декларацияламай, салық төлемеу. Ол кезде әрине үлкен айыппұл бар. Бірақ бірінші ескерту жасаймыз, оны орындамаса ғана кейінгі шараларға барамыз.
Сонымен биыл мемлекеттік қызметшілердің онлайн аударымы бақылауға алынды. Енді келесі жылдан бастап бұл тізімге квазимемлекеттік сектор қызметкерлері қосылады. 2025 жылы кәсіпкерлер, сосын қарапайым азаматтардың дерегі талданады. Осылайша, 2026 жылға қайрай қаржы министрлігі салыққа селқос қараған кәсіпкерлерді түгел анықтайды. Сөйтіп бизнесменнің бәрі табысының бір бөлігін бюджетке құюға міндеттеледі.
Ал бұл нарыққа қалай әсер етеді? Қазір дүкен де, такси де, шаштараз да мобильді аударымды қолданып жүр. Олардың салықты толық төлеуі екіталай дейді сарапшылар. Олай болса шағын кәсіп иелерінің шығыны артқан соң, қызмет құны да өспеуіне кім кепіл?
Жанат Нұрғалиев, экономист:
- Әрине, бағаға әсер етеді. Егер олар толық салық төлесе, бүкіл кіріс-шығысын толық көрсетсе, салықты өзінің қызметіне кіргізеді. Бірақ ол сұранысқа байланысты ғой. Бюджеттің кірісі азайып жатыр, ұлттық қордан трансфереттер көбейіп жатыр. Шығын әр жыл сайын өсіп жатыр. Олар не істейді енді?
Экономист Жанат Нұрғалиевтің пікірі – осы. Бұл бастама көлеңкелі кәсіптің жолын кеседі дейді. Дұрыс-ақ, бірақ шағын бизнестің шымбайына тиіп отырған басқа мәселе сияқты. Сарапшының айтуынша, жаңа ереженің астарында бюджетті байыту тұр. Себебі елде ірі жер қойнауын пайдаланушы компанияларға салық жағынан көп жеңілдік берілген. Соның әсерінен пайдалы қазбаны игеріп отырған алпауыттар бюджетке көп қаржы құмайды. Ал оның орнын шағын бизнес арқылы толытыруды экономист мүлдем құптамайды. Ол "барлық кәсіпкер салықты бірдей төлеуі керек, талап жарлыға да, байға да бірдей қойылуы тиіс" дейді.
Ал мобильді төлемге келер болсақ, мұнымен мемлекет ғана емес тұрғындардың өзі де күресу керек. Чек талап етіп, аударымнан бас тартуды азаматтық ұстаным ретінде қабылдау ұсынылды. Себебі, салық сіз бен біздің ортақ игілігімізге жұмсалады.
Жанат Нұрғалиев, экономист:
- Мен өзім жиі кездестіріп тұрамын. Бірақ оларға айтамын QR арқылы төлеймін деп. Маған аударым керек емес, негізі салық төлеу керек. Менің сондай позициям бар. Сосын олар QR береді.Егер сондай ұстаным бүкіл адамда болса, бізде сонда система болу керек. Егер кәсіпкер болсаңыз салық төлеу керек.
Иә, заң баршаға ортақ. Табыс таптың ба, салығыңды төле. Жымысқы әрекетті мобильді аударыммен жасыру құқықтық тұрғыдан да, адамгершілік жағынан да дұрыс емес. Бірақ жоғарыда айтқандай бұл тек кәсіпкерлерге ғана қатысты. Жеке мақсатта жіберген аударымдарға салық салынбайды. Яғни, ата-ана, туған-туыс, дос-жарандар бір-біріне жіберген қаржы операцияларына ешкім шектеу қоймайды.