Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығына 20,8 млрд теңге инвестиция құйылған
Ақтөбе облысында биыл ауыл шаруашылығына 20 млрд 800 млн теңге инвестиция құйылған.
Нәтижесінде 22 жоба жүзеге асып, 200-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Алдағы үш жыл ішінде тағы 502 млрд теңге тікелей инвестиция тарту көзделіп отыр. Өңірде шикізат өңдеп, дайын тауар шығаруға басымдық берілетін болады.
Ақтөбеде мал соятын ет комбинаттарының өзі саусақпен санарлық. Төрт-түлікті қабылдайтын орын ашуға кәсіпкерлер тек соңғы жылдары ғана бет бұрған. Сондықтан да, ашылғанына бір айға жуық қана уақыт өтсе де, мына кәсіпорын өз тұтынушыларын көп күте қойған жоқ. Шамамен 700 млн теңге қаржыға салынған өндіріс орны түрлі дүкен, сауда орындарымен де келісімшарт жасап үлгерген. Ауылшаруашылығының бұл бағыты ақсап тұрғанын түсінген кәсіп иесі бизнесін кеңейтіп, ет өңдеуді де қолға алуды көздейді.
Нұрдәулет Саршин, кәсіпкер:
- Қазіргі тұрған линиямыз ол күніне 150 басқа арналған. Сосын холодильнигіміз бар тоже 150 басқа арналған. Болашақ жоспарымыз бар. егер қазір мына үкімет, әкімдік қолдаса бізді, несие берсе біз ет өңдегіміз келеді.
Бұл 2024 жылға арналған жоспар. Қазірдің өзінде жергілікті билік құны 14 млрд 900 млн теңге шамасында болатын 19 жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Бұдан бөлек облыс әкімдігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге агроөндірістік кешеннің «Жол картасын» әзірлеген.
Айбат Ербазиев, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:
- Ол жол картада 2023-2026 жж. 502 млрд теңгеге 93 инвестициялық жобалар жоспарланған. Енді сүт-товарлы фермалар бар ішінде ашылатын. Репродуктор шаруашылықтар бар. Суармалы жерлерді кеңейту жобалары және де ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу жобалары қарастырылған.
Жергілікті билік ауыл шаруашылығы саласындағы 2023 жылға жоспарланған инвестициялық бағдарламаның сәтті жүзеге асқанын айтып отыр. Себебі бір жыл бұрынғы нәтижемен салыстырғанда 62 проценттік өсім бар. Ендігі меже сол жобалардың өнімін көбейтіп, ел ішін сапалы тауармен қамтамасыз ету.
Мансур Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов