Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес отырысы. LIVE

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер Иран Ислам Республикасымен Еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қойды.

Бұл құжат 2019 жылдан бері қолданыстағы уақытша келісімді алмастырады. Соның арқасында тасымалданатын тауарлардың 90%-нан кедендік баж салығы алынып тасталады. Құжатқа дәл осы сағаттарда Санкт-Петербург қаласында өтіп жатқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес аясында қол қойылды. Бірлестіктің бүгіні қандай, болашағы не болады? Дәл қазір осы мәселелерді оған мүше мемлекет басшылары талқылап жатыр. 

Гүлжан Марқабаева, тілші:

- Жыл сайын жаңа жыл қарсаңында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекет басшылары Санкт-Петербург қаласындағы Ельцин кітапханасына жиналады. Біз қазір баспасөз орталығында отырмыз. Жиын әлі басталған жоқ. Бұл ретте үш елдер арасындағы 3 сағаттық уақыт айырмашылығын ескеру керек. Сонымен, биылғы жиынның басты жаңалығы, маңызды жаңалығы бұл Иран Ислам Республикасымен жасалған Еркін сауда аймағы туралы келісім болды. Бұл жаңа айтып өткендей, тасымалданатын тауарлардың 90% кедендік баж салығы алынып тасталады деген сөз. Еуразиялық комиссия мүшелері бұл құжатты рәсімдеуге үш жылға жуық уақыт кеткенін айтып отыр.

Андрей Слепнев, Еуразиялық экономикалық комиссияның сауда жөніндегі министрі:

«Иранмен бұған дейін уақытша келісім болған. Бірақ ол тасымалданатын тауарлардың аз бөлігін қамтитын. Иран үлкен нарық, сондықтан ресми бекітілген бұл келісім арадағы көрсеткіштерді еселеп арттырады деп сенеміз. Оның ішінде қазақстандық өнімдерді, ең алдымен бидай мен арпаны жеткізу үшін елеулі перспективаларды көріп отырмыз. Металл, химиялық өнімдер бойынша Қазақстанның мүмкіндіктері орасан, Иранның инфрақұрылымын дамытуға қатысты ауқымды жоспарларды ескерсек әрине бұл экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге барынша тиімді болмақ».

Бүгінгі кеңес барысында бестік басшылары жиырмадан астам мәселені талқылайды. Оның ішінде экономикалық бірлестіктің 2030-ншы, тіпті 2045-нжі жылға дейінгі даму декларациясы бар. Мұндай көпжылдық жоспар түзуіне қарағанда, экономикалық одақтың бүгініне барлық тараптың көңілі толатын секілді. Енді сандарға келетін болсақ, әзірге биылғы көрсеткіштер жарияланған жоқ, ал былтырғы статистика бойынша Қазақстанның одаққа мүше өзге елдермен өзара саудасы 28 млрд доллардан асқан.

Қайырбек Арыстанбеков, экономист:

«Сыртқы сауда тапшылығы азайып жатыр қазір. Әсіресе Ресеймен. Бұл жақсы нәрсе. Өйткені тапшылығы дегені дефицит, біз бір бөлігімізді ІЖӨ бердік деген сөз орысша айтқанда, ал профицит деген сөз басқа елден ІЖӨ алдық деген сөз. Ал ІЖӨ бұл халықтың әл-ауқаты». 

Айта өту керек, бүгінгі жиынға Армения тарапы да қатысып отыр. Бұған дейінгі жиындарға елдің премьер-министрі Никол Пашинян қатыспай келген еді. Соған қарағанда экономикалық байланыс бәріне керек. 

Дарья Рекеда, Кешенді еуропалық және халықаралық зерттеулер орталығының жетекші сарапшысы:

«Саяси мәлімдемелерге қарамастан Арменияның Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жоспарланған іс-шараларға қатысып жатқанын көріп отырмыз. Тоңазытқыш, теледидарды әрдайым жеңетіні секілді, экономикалық одақ өз тиімділігін әрбір тарапқа әуелден көрсетіп берген. Сондықтан бұл ретте тұрғыда таңқаларлық ештеңе жоқ».

Жиын жайында толығырақ кейінгі жаңалықтарда тарқатып айтып береміз. Сондай-ақ ертең Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше мемлекеттер басшыларының бейресми жиынынан да қатысады. Ол да осы Петерборда өтеді.