Қазақстанда инфляция қарқыны бәсеңдеді
Астанада Президенттік Орталықта «Қазақстан 2023: Шолу. Талдау. Болжамдар» тақырыбында сараптамалық талқылау өтті.
Іс-шараға «ақыл-ой» орталықтарының өкілдері, жетекші қазақстандық сарапшылар, ғылыми қоғамдастық, даму институттары мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Кездесуге қатысушылар Президенттік орталық, талдамалық орталықтар мен сараптамалық топтар үшін өзекті мәселелердің кең ауқымы бойынша талқылаулар өткізуге арналған әмбебап алаңға айналып келе жатқанын атап өтті. Сарапшылардың айтуынша биыл елде инфляция қарқыны төмендеді. Қазір ол 10 пайыздың төңірегінде тұрақтады. Сарапшылар мұны ел экономикасындағы негізгі жетістіктің бірі дейді. Былтыр Қазақстан энергетикалық дағдарыс, жеткізу тізбегіндегі іркілістер сынды күрделі күйзеліске тап болды. Салдарынан инфляция деңгейі 20 пайыздан асып жығылған. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының мамандары Үкіметтің жедел қабылдаған шаралары өз тиімділігін көрсеткенін айтады. 1 желтоқсандағы жағдай бойынша экономиканың өсуі 5%-ға жуықтады. Бұл ретте жан басына шаққандағы ішкі өнімнің орташа өсімі былтырмен салыстырғанда 11%-ға жоғары. Тағы бір маңызды оқиға – цифрлық теңгенің енгізілуі.
Анна Альшанская, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ жетекші ғылыми қызметкері:
- Экономикалық тұрғыда жылдың басты оқиғасы ретінде еліміздің жаңа экономикалық моделге көшуін айтуға болады. Үкіметтің берген есебі бойынша, елде биыл инфляция бәсеңдеді. Былтыр ол 20 пайыздан асып жығылған.Биыл бұл көрсеткіш екі есе төмен. Инфляцияның жоғары болуы азаматтарымыздың әл-ауқаты мен табысына кері әсер етеді. Келер жылы ең төменгі жалақы мөлшері де жоғарылайды. Үкіметтің инфляцияны төмендетуге бағытталған шаралары оң нәтижелер көрсете бастады.
Асқар Нұрша, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары:
- Қазақстан цифрлық банкинг жүйесінде үлкен прогреске қол жеткізді. Әлемнің көптеген елдерінде ол жоқ. Еуропаның дамыған елдерінің өзі цифрландыру жағынан Қазақстаннан қалыс қалады. Еліміз цифрлық саладағы жетістігі арқасында дамудың жаңа кезіне аяқ басып отыр. Біз цифрлық шешімдердің экспорттаушы еліне айналып отырмыз.