Арзанның да қадірін білейік
Қолда бардың қадірін біле бермейміз. Үнемшілдік керек-ақ. Мәселен, Қазақстан табиғи газдың қолжетімділігі жөнінен еуропа елдерінен де озып кетті.
Су мен жарық та әлдеқайда арзан. Бірақ оны үнемдеуді ешкім ойлап жатқан жоқ.
Данияда ауызсу құны біздің елге қарағанда 25 есе қымбат. Содан болар, мұндағы халық тіршілік нәрін 8 есе аз тұтынады. Жарықтың да жыры осыған ұқсас. Қазақстандықтар тұтынатын электр энергиясының көлемі әлемдік нормадан шамамен екі есе көп. Үнем болмаған соң, тапшылық туындайды.
Десе де, баға қымбаттаса, халық үнемшіл болып кетеді деп кесіп айтуға болмас. Арзанды да ысырап етпеуге бейімделген мемлекеттер бар.
Тек немқұрайдықты доғару керек сыңайлы. Әйтпесе, ысырап бар жерде, тапшылық күшейеді. Ал сұраныс бағаға тікелей әсер ететіні түсінікті. Сайып келгенде, бағаны күштеп ұстаудың да ақыры сол тапшылыққа әкеп соғады ғой. Өйткені – бұл нарық.
Өз заманының білгірі Адам Смит «кез келген ысырапқор – қоғамның жауы, ал үнемшіл адам – жарылқаушы» деген. Осы жарылқаушылар бізге жетпей тұр. Алдымен, көгілдір отыннан бастайық. Қай елдің халқына газ қолжетімді әрі арзан?
"РИА Рейтинг" Еуропа елдерінің статистикасын жариялады. Саралай келе, Қазақстанды рейтингтің көш басына шығарды. Отандастарымыз мың текше метр газға 62,3 доллар жұмсайды. Екінші және үшінші орында Ресей мен Беларусь келеді. Олардың газ бағасы бізден әлдеқайда қымбат. Ал соңғы орындағы Швеция мемлекеті әр текшеметріне тіпті 3 мың долларға дейін төлейді екен.
Әр елдің орташа жалықысымен есептегенде де елдің көрсеткіші өзгелерден көш ілгері. Қолжетімділік бойынша да бірінші тұрмыз. Финпром порталының мәліметі бойынша, Қазақстандағы газдандыру деңгейі – 60 пайыз. Яғни шамамен 12 млнға жуық адам көгілдір отынмен қамтылған. Алайда арзан отынды қалай болса, солай жағамыз. Үнемнің болмауынан келер жылы тапшылық қос бүйірден қысуы мүмкін. Қазірдің өзінде Ресейден газ сатып алу мәселесі айтыла бастады. Ал олардың көгілдір отыны қымбат екенін айттық. Енді қуатты өндіріс орнын арттыру мәселесі тұр. Бұдан бөлек, тұтыну құнын қымбаттату туралы әңгіме де желдей еседі. Қымбат төлегенше, аз тұтынған әлдеқайда тиімді емес пе? Үнем деген не? Финпром сарапшыларының ұсынысына назар аударайық.
Газды үнемдеу үшін есептегіш құралдар орнату керек. Бұл көгілдір отынды үнемдеуге және бақылауға мүмкіндік береді. Баспананың шұрық-тесігін тығындап, оқшаулау маңызды. Осылайша, жылуды сақтай аласыз. Заманауи қазандық газды 30 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Ақауларды дер кезінде қалпына келтіру де маңызды. Осындай қарапайым қадамдар тұтынушының әмиянына ғана емес, қоршаған ортаға да көп пайдасын тигізеді – деп жазады FINPROM.KZ.
Our World in Data мынадай зерттеу жариялады. Былтыр қазақстандықтардың жан басына шаққандағы электр энергиясын тұтыну көлемі – 44,7 мың кВт∙сағ болған. Бұл әлемдегі ең жоғары көрсеткіштің бірі. Ал баға арзан. 1 кВт∙сағ электр энергиясының құны небәрі 23 теңге. Дания, Германия, Ұлыбритания елдерінде жарық 10 есе қымбат. Ал бізде теледидарды қосып ұйықтауға, үйден шығарда жарықты сөндірмеуге етіміз үйренген.
Сарапшы Сергей Агафонов елдегі жарық құны әділ емес дейді. Оның айтуынша адамады үнемшілдікке тек экономикалық жолмен ынталандыруға болады.
Сергей Агафонов, Қазақстандық энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қаумдастығының төрағасы:
- Кеңес Үкіметінің кезінде электр энергиясының құны тым арзан болды. Осының кесірінен үнемдеу мәдениеті қалыптаспады. Шетелдіктер ысырапшыл емес, ынсапшыл. Ал бізде дефицит мәселесі күрделеніп барады. Тұтыну көлемінің 10-12 пайызын Ресейден импорттаймыз. Ал олардың құны бізден екі есе қымбат. Сол үшін жаңа өндіріс орындарымен қатар тұрғындар тарапынан үнем де керек. Электр энергиясының бағасы алдағы уақытта қымбаттайды. Сол кезде үнемшіл боламыз деп ойлаймын. Ал бүгінгі күні баға әділ белгіленбеген. Мен ынталандырудың басқа жолын көріп тұрған жоқпын.
Ауызсудың жағдайы да баршаға аян. Мұнда күллі Орталық Азия ысырапшыл екен. Оның ішінде Қазақстан бар. Aquastat ұйымының зерттеуіне сенсек, күніне 3,5 мың литр су тұтынамыз. Әрине, мұның басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Бірақ бәрібір көрсеткіш тым жоғары. Ал баға арзан. Жаһан сарапшыларының талдауынша Қазақстан су құны төмен 3 елдің қатарына кіреді. Яғни, 1 литр суға 7 тиын жұмсаймыз. Ауыз су оңды-солды төгіліп жатыр.
Елде жылына 25 млрд текшеметр су қолданылса, соның 3,5 млрды ысырап болады. Негізгі себеп – инфрақұрылымның тозуы. Тұрғындардың да немқұрайлығы анық сезіледі. Осыдан дефицит күшейіп келе жатыр. 2030 жылға қарай су тапшылығы 15 пайызға жетуі мүмкін.
Бұл салада кейде бақылау да жетпейтіндей көрінеді. Ауызсумен көлік жуамыз, бақша суарамыз. Бір жағынан алып қарасаң, техникалық су қолжетімсіз.
Сәкен Шекербекұлы, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі су шаруашылығы комитетінің басқарма басшысы:
- Елді мекен ішіндегі су жүйелерін жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сол жұмыстар кезінде ол проекттер біздің келісімнен өтеді. Жобаларды қарау барысында тиісті ұсынымдар енгіземіз. Арнайы техникалық құбыр және ауызсуға сәйкес келетін құбыр жүргізу деген ұсынсы берудеміз. Бұл мойкалардың ауызсуды қолдануын азайтуға көмектеседі және басқа да ауызсуды қажет етпейтін салаларда техникаларық сумен қамтамасыз етуге болады.
Бұл мәселелерді шешу үшін қуатты өндіріс орындары керек-ақ. Билік суды заманауи технология арқылы үнемдеп, қуатты өндіріс орындарын арттыру керек. Бұқара да бейжай қалмай, арзан игілікті бағалап, үнемдеу мәдениетін арттырғаны жөн. Қысқасы, ысырапшыл емес ынсапшыл болайық.