Транскаспий халықаралық көлік бағыты қарқынды дамып келеді
2039 жылға қарай Ақтау теңіз айлағында жылына 20 футтық 200 мыңдай контейнер өңделеді, деп хабарлайды 24KZ.
Бұған еліміздің батысында салынатын ірі хабтың көмегімен қол жеткізілмек. Осыған орай порттың жүк тиеу паркін жаңарту көзделіп отыр. Бұл контейнердің сыйымдылығын бірнеше есеге арттырып, жүктерді тиеу терминалдарын дамытуға мүмкіндік береді.
Транскаспий халықаралық көлік маршрутының бір бөлігі – Ақтау сауда порты. Айлақта жылына 20 футтық контейнердің 70 мыңы өңделеді. 2 жылдан кейін бұл көрсеткіш бірнеше есеге артуы тиіс. Себебі мұнда ірі хаб қолданысқа беріледі. Жобаның жүзеге асуына Қытай мен Араб Әмірлігі, Сингапур мен Германия сияқты елдер қызығушылық танытып отыр.
Қайрат Қалиолла, Ақтау теңіз сауда порты көлік логистикасы бөлімінің бас менеджері:
- Контейнерлік хабта қызмет көрсету мен жүкті өңдеуге бағытталған барлық қызмет түрлері көрсетіледі. Кешен аумағында қоймалар, рефрижератор контейнерлерге арналған тоңазытқыш камералар салу жоспарланған. Жөндеу жұмыстары да қарастырылады. Жүкті авто және теміржол көлігіне әзірлеп тиеу қызметін де ұсынамыз.
Маңғыстау облысында 2025 жылы ірі көлік-логистикалық кластер құру көзделген. Оның құрамына Құрық порты да енуі тиіс. Ол үшін теңіз табанын тереңдету жоспарланып отыр. Нәтижесінде Каспий теңізіндегі тереңдігі жағынан кемелер үшін ең оңтайлы айлаққа айналады.
Серік Ахметов, Құрық портының бас директоры:
- Жобада көрсетілген максималды тереңдікке дейін қазуды жоспарлап отырмыз. Бұл қазіргі деңгейден 1,5 метрге төмен түседі деген сөз. Қазір Балтық белгісі қолданылып отыр. Теңіз табаны мұхит деңгейінен 35 метрге төмен. Болашақта 36,5 метрге жетеді.
2024 жылы бұл кешенді жобаны зерттеу жұмыстары аяқталып, мемлекеттік сараптамадан өтуі тиіс. Содан кейін теңіз табанын тереңдету жұмыстары басталады. Күз айларына дейін толық тәмамдау көзделіп отыр.
Авторлары: Мансур Есқожин Тамара Степанова, Саламат Бекбаев, Ренат Дусалиев.