Қазақстан мен Ресей компаниялары ЖЭО салу туралы келісімге қол қойды
Ресейлік компания салып беретін 3 жылу электр орталығының пайдалануға берілетін мерзімі анықталды, деп хабарлайды 24KZ.
Жаңа жылу электр орталықтары Семей және Көкшетау қалаларында 2027 жылы іске қосылады. Өскеменде салынатын нысан 2030 жылы пайдалануға беріледі. Мемлекет басшысының Санкт-Петербург қаласына жасаған сапары барысында бүгін тараптар келісімге қол қойды. «Самұрық-Қазына» мен Ресейлік «Интер РАО экспорт» компаниясы арасындағы келісім бүгіннен бастап күшіне енді. Жобалардың басты мердігері болып бекітілген «Интер РАО экспорт» тиісті қаражатты Ресей банктерінен алады.
Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:
- «Интер РАО Экспорт» компаниясы біздің ЕРС мердігер ретінде бұл жобаларды жүзеге асыратын болады. Одан басқа, «Интер РАО Экспорт» тиісті қаражат Ресей банктерден тартатын болады. Олар қарыз ретінде Ресей банктерінен тартады. Несиенің мерзімі 15 жыл болады, ал пайыздық ставкасы 7,5-8% құрайды.
Бүгін «Самұрық-Энерго» компаниясы ресейлік ОРГРЭС компаниясымен де келісімге қол қойды. Бұл келісім бойынша ресейлік компания Екібастұз ГРЭС-2 үшінші және төртінші блоктарын салып береді. Қазір энергетикалық нысанның 2 блогы бар қуатымен жұмыс істеп тұр. Бас-аяғы 4 блокты іске қосқанда өндірілетін электр қуатының көлемі 2 мың мегаватқа жетіп, сұраныс толық жабылады.
Қайрат Мақсұтов, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы:
- Келісім бойынша құрылысты 2027 жылдың аяғына дейін бітіруіміз керек. Үшінші блокты. Төртінші блокты 2029 жылдың аяғында бітіруіміз керек. Қазір 1 мың мегаватт бар, енді 1 мың мегаватты қосқанда 2 мың мегаватт электр қуаты болады.